Бизнес және экономика

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына жүгінушілер қатары қалыңдауда

“Атай-СК” ЖШС 2003 жылы құрылған. 5 жыл бұрын құс фермасы жылына 6 млн. дана жұмыртқа шығарыпты. Былтыр шаруашылықтың іргесі кеңейіп, 320 мың жоғары өнімді «ломан уайт» пен «роданит 3» тауықтары 40 млн жұмыртқа беріпті. Биылдан құс фермасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысушы атанып, кәсіпорын автоматтандырылған заманауи құрылғылармен толықты.

Алексей Медведев – “Атай-СК” ЖШС қызметкері:

Тауық қорасындағы негізгі жұмыстар компьютер арқылы басқарылады. Тауықтардың дұрыс өсіп-жетілуіне қолайлы температура, жарық, азық беру, суға дейін автоматты түрде реттеледі. Біреуі істен шықса резервтік жүйе іске өзі қосылады.

Құстардың ескі орны осылайша, жабдықталған заманауи қоймаға алмастырылды. Украиндық қондырғының сыйымдылығы да бұрынғысынан 3 есе артық. 70 мың тауыққа шақталған қойманы сатып алып, орналастыру жұмыстарына 60 млн. теңге жұмсалыпты. Серіктестік бұл мақсаттарға мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі қаржы институтынан жеңілдетілген үстеме ақымен 34 млн. теңгенің несиесін алды. Кәсіпкерге бұндай көмекті “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО бойынша аймақтық филиалы жасапты.

Гүлмира Зейнуллина – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ менеджері:

“Атай-СК” ЖШС өз бизнесін дамытуға мемлекет тарапынан екі рет қолдау алды. Біріншісі – «Даму аймағы ІІ» бағдарламасы бойынша пайыздық сыйақысы 11-ді құрайтын жеңілдетілген қаржыландыру. Екіншісі «Бизнестің жол картасы 2020″ бағдарламасы аясында несиенің 7 пайызын субсидиялау.

Бұл дегенің – кәсіпкер үстеменің тек жартысын өтейді. Өзгесі бағдарлама аясында үкіметтен аударылады. Енді осындай қолдаудың арқасында серіктестік тәулігіне 150 мыңға дейін жұмыртқа шығару мүмкіндігіне ие.

Мұрат Бәкіров – «Атай-СК» ЖШС директоры:

Бұл қолдау ісіміздің өркендеуіне жол ашты. Мақсатымызға енді тез жетеміз деп ойлаймын. Өйтпегенде жобамызға қажетті үлкен соманы қалтамыз көтергенімен, шығынның ақталуын ұзақ күтуге тура келер еді. Ал шамалы ресурспен арнайы құрылғысыз кәсіп жүргізу мүмкін емес. Биыл тағы мемлекеттің қолдауымен 150 млн теңгенің құрылғысын алуды көздеп отырмыз.

Жаңа база іске қосылған соң жұмыс орындары пайда болып, штаттық құрам 80 адамға жеткен.

Людмила Сахарова – «Атай-СК» ЖШС қызметкер:

Жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеді. Жаңа қондырғы жұмыртқаны өзі жинайды, бізге тек шелекке салу ғана қалады. Өте ыңғайлы. Жалақым да жақсы. Жұмыс орным өзіме ұнайды.

Биыл «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына қатысуға тілек білдірген 57 солтүстікқазақстандық мемлекеттің қолдауын тауыпты.

Ирина Суворова – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директоры:

Жеке ісін бастағысы келетіндерге арналған бірінші бағыт бойынша 34, кәсіпкерлік секторын сауықтыру үшін 8, үшіншісі қаржылық тәуелділікті төмендетуге 9 кәсіпкерден өтініш түсті. 31 жоба несиелендірілді.

4-бағыт бойынша 553 солтүстікқазақстандық іскер біліктілігін арттыру үшін шеберлік сабақтарыннан өтіпті. 743 сервистік қызмет көрсетілген. “Даму аймағы III» бағдарламасы аясында жеке ісін дөңгелетем деген өңір кәсіпкерлеріне 758 млн теңгенің субсидиясы бөлінді. Ал “Даму-көмек” бағдарламасы арқылы 8 мүмкіндігі шектеулі бизнесменге қолдау жасалған.

Жеңіс Ермұқанов