Құқық қорғау органдары

Жеке сот орындаушылары

Жекеменшік сот орындаушылары мен мемлекеттік сот орындаушыларының құқықтары өзара тең. Өйткені «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң бәріне ортақ. Енді әрбір солтүстікқазақстандық қалауы бойынша сот шешімінің негізінде жекеменшік сот орындаушысына жүгіне алады.

Ғафур Нұрпейісов – СҚО жеке сот орындаушылары өңірлік алқасының төрағасы:

Жеке сот орындаушы арызбен танысқаннан кейін, қызметке жүгінген азаматпен келісімшартқа тұрады. Сот өндіруші жеке сот орындаушысына көрсетілетін қызмет үшін алдын-ала төлем жасауы керек. Тиісті қаржы түскеннен кейін ол жұмысқа кіріседі.

Облыста бүгінде жеке сот орындаушы ретінде 3 тұлға мемлекеттік лицензия бойынша қызметіне кіріскен. Солардың бірі осы салада 8 жылдық тәжірибесі бар – Арман Бәрібаев.

Арман Бәрібаев – жеке сот орындаушы:

Бүгінде банктердің алдында қиын жағдайға тап болған көптеген кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жетерлік. Біз соларға қатысты соттың шешімдерін орындаймыз.

Мұндай тәжірибенің біздің елімізге енгеніне көп бола қоймаған. Жеке сот орындаушылар құрылымдары әлемнің 65 елінде бар. Еуропада жеке сот орындаушылар институты өз тиімділігін көрсетіп те үлгерген.

Саида Сағдат – СҚО Сот актілерін орындау департаментінің бастығы:

Сот орындаушыларының аймақтық жеке меншік алқасына біз зор үміт артып отырмыз. Біріншіден, бұл бәсекелестікті арттырады. Екіншіден, сотқа жүгінген адам мемлекеттік әлде жеке сот орындаушысының қайсысын таңдайтынын өзі біледі.

Жеке сот орындаушы қызметіндегі басты айырмашылық – сот өндіріруден түскен қаржының 10 пайызы мемлекетке емес, сот орындаушының пайдасына түседі.

Әспет Әбдірешова