Қоғам

5 солтүстікқазақстандық ардагерге «Мәскеу түбіндегі шайқасқа 70 жыл» медалі табыс етілді

Григорий Яйков 24 жасында майданға аттанған екен. Алдымен, қатарластарымен бірге 1 айдай Самарқанд қаласында шайқасқа дайындалған көрінеді. Кейін Мәскеуді жау әскерінен азат етуге аттаныпты.

Григорий Яйков – Ұлы Отан соғысының ардагері:

Біздің 62-атқыштар дивизиясы да Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатыстық. Қиын болды, әрине, дегенмен біртіндеп жау әскерін орталықтан ығыстырдық.

62- атқыштар дивизиясы сол жылдары Украина, Белорусь елдерін, сондай-ақ, Қытайдың Манчужур қаласын жапондықтардан босатуға ат салысқан. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін, жауынгер өңірімізге оралған екен. Мұнда 1954 жылдан зейнетке шыққанға дейін ет комбинатында еңбектенген. Екі баладан 4 немере, 4 шөбере сүйді.

Сергей Пресняков биыл 90-ға толды. Соғыс ардагері 6 орден, 25 медаль, 31 жауынгерлік және еңбек марапатына ие болған. Бірақ солардың ішінде қарт жауынгер үшін ең маңыздысы – І дәрежелі Отан соғысы ордені екен. Жуырда Мәскеу түбіндегі шайқасы үшін 3-ші мерейтойлық медальға ие болды.

Сергей Пресняков – Ұлы Отан соғысының ардагері:

Алғашқы мерейтойлық медальды Мәскеудің бұрынғы мэры Лужков сыйлаған болатын. Ал Мәскеу түбіндегі шайқасқа 65 жыл медалін ұсыну үшін бізді немерелерімізбен бірге шақыртқан. 200-ге тарта адам болды.

Жас кезінен Отан қорғауға аттанған Сергей Пресняков әскери тәрбиемен есейген. Қырғызстандағы әскери училищеде дайындықтан өтіп, ұрыс алаңына аттаныпты. Неміс әскері мұздай қаруланған еді. Ал біздің жауынгерлердің қолында патша үкіметінде пайдаланылған үш линиялы винтовка болатын. Бірақ бұл қарудың да өз артықшылықтары болды дейді ардагер.

Сергей Пресняков – Ұлы Отан соғысының ардагері:

Біздің әскер нашар қаруланған еді. Жау әскерінде автоматтар болса, бізде 3 линиялы винтовкалар еді. Бірақ немістер бізге 400 метр қашықтықта ғана оқ тигізе алса, біз осы ескі қаруымызбен әлдеқайда алыс жерден оқ жаудыра алдық. Осылайша оларды жақындатпай, аман қалдық.

«Мәскеу түбіндегі шайқасқа 70 жыл» медалі тағы 3 солтүстікқазақстандыққа бұйырды. Олар: Иван Матюшко, Филимон Запорожец және Федор Шаренда. Бұлардың барлығы басымызға қара бұлт төнген кезде Отанын, туған жерін жаудан жанқиярлықпен, асқан ерлікпен қорғай білген азаматтар.

Айдана Демесінова