Құқық қорғау органдары

Зейнеткерді өлтірген 2 күдікті ұсталды

Зейнеткердің үйіне келген әйел пәтер есігінің ашық тұрғанын байқаған. Ішке енгенде туысқанының мүрдесіне тап болады. Сараптаманың қорытындысы бойынша жапа шегуші пышақ жарақаттарынан көз жұмған.

Игорь Семенов – СҚО ІІД жедел криминалистика басқармасы бастығының орынбасары:

Оқиға орнын тексеру барысында айғақ заттар тәркіленді. Кейін лабораториялық жағдайда сараптама жүргізу барысында қылмысқа қатысты тұлғаны автоматтандандырылған жүйе арқылы анықтауға мүмкін болды.

Жедел уәкілдер қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Петропавл қаласының 20 жасар екі тұрғынын құрықтады. Жауап алу барысында сезіктілер қайғылы оқиға орын алған күні көрші үйге келгендерін айтады. Подъезде кездескен жігіттерден қария дүкеннен нан алып келулерін сұраған. Бозбалалар тыныш кетпей, әжейді өлтіріп үйін тонап кеткен.

Марат Жангужинов – Петропавл қалалық ІІБ тергеу бөлімінің бөлімше бастығы:

Қазіргі кезде бұл факті бойынша тергеу жүргізілуде, қылмыстың мән-жайы анықталу үстінде. Зейнеткердің пәтерінен күдіктілер азық-түлік және киім-кешек ұрлап кеткен. Қылмыстық іс бойынша тергеу амлдары жүргізілуде.

Сезіктілер қолға ілеккен қарияның ыдыс-аяғынан бастап, «Еңбек ардагері» медалін де жымқыртып кетіпті. Қазіргі ұсталғандар уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.