Қоғам

Қаладағы сайлаушылардың 54% конституциялық құқықтарын пайдаланды

Сайлаушылар тізімінде тіркелген 146 мың 214 петропавлдықтың 54% жуығы өздерінің азаматтық борышын орындапты. Бұл осыдан 4 жыл бұрын өткен сайлаумен салыстырғанда шамамен 15 пайызға артық. Саяси доданың өзіндік ерекшеліктері де болды дейді қалалық округтік сайлау комиссиясының төрағасы.

Николай Петров – қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

Осы жолғы сайлаудың ерекшелігі ретінде науқан барысын 746 байқаушының қадағалағандығын атап өтуге болады. Яғни өзге жылдармен салыстырғанда бұл әлдеқайда жоғары. Петропавлдықтар сайлауда белсенділік танытып, 78 939-ы сайлау учаскелеріне келген.

Сайлау кезінде облыс орталығында 90 учаскелік және 31 округтік сайлау комиссиялары жұмыс істеген. Барлығы маңызды науқанның өтуіне мыңға жуық адам жұмылдырылыпты. Қалалық мәслихатқа 19 депутат сайланды.

Николай Петров – қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

Орташа есеппен бір орын үшін 3 үміткер бәсекеге түсті. Барлық 19 округ бойынша депутаттар сайланды. Ал біз қажетті құжаттарды орталық және облыстық сайлау комиссияларына жібердік. Бірер күн ішінде қалалық сайлау комиссиясы өз жұмысын аяқтамақ.

Петропавлдықтардың дені – «Нұр Отан» ХДП-на қолдау жасапты. Қалалық мәслихатқа сайланған депутаттардың 18-і нұротандықтар болса, қалған біреуі өзін-өзі ұсынушы. Олар алдағы аптада жұмыстарына кіріспек.

Инеш Шоқақова