Қоғам

Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңа қызмет түрі көрсетіле бастады

Жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін қаржы жөніндегі мәлімет бұрын зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығында беріліп келген. Енді тұрғындар бұл ақпаратты халыққа қызмет көрсету орталығынан алады. Жаңашылдық биыл қаңтардың тоғызынан енгізіліп отыр. Айта кететін жайт, енді бұл қызмет тегін.

Виталий Сосновский – халыққа қызмет көрсету орталығының электрондық үкімет секторының инспекторы:

Енді бұл қызмет бізде көрсетіледі. Бұрын азаматтар зейнетақы қорларында жинақталған қаржыны білу үшін 305 теңге төлейтін. Қазір бұл қызмет тегін көрсетіледі.

Және бұл жұмыс көп уақытты алмайды. Ақпарат бір-екі минутта дайын болады. Қолыңда жеке куәлігің болса болғаны. Тұрғындар бұл жаңашылдықты бағалап үлгеріпті.

Раиса Водопьянова – қала тұрғыны:

Бұл қызметтің халыққа қызмет көрсету орталығында көрсетілуі біз үшін өте ыңғайлы. Тегін көрсетіледі, әрі өте жылдам жасалады. Енді зейнетақы төлеу орталығына барудың қажеті жоқ.

Бұл мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ “Электрондық үкімет” порталынан да алуға болады. Ал сайтта тіркелу үшін жеке электрондық сандық кілт болу қажет.

Виталий Сосновский – халыққа қызмет көрсету орталығының электрондық үкімет секторының инспекторы:

Электрондық-сандық кілт халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі. Оны алу үшін жеке куәлік керек және келісім жөніндегі арыз жазу қажет. Электрондық-сандық кілт он минут ішінде дайын болады.

Ал “Электрондық үкіметте” түрлі анықтамалар алып, салық, айыппұл төлеуге болады. Некелесу немесе ажырасу жөнінде өтініш беріп, халыққа қызмет көрсету орталығына кезекке тұру мүмкіндігі де бар. Ал алдағы уақытта дәрігердің қабылдауына жазылу қызметін де енгізу жоспарланып отыр.

Айымгүл Әбілева