Қылмыс

Пәтерлерге түсіп, бағалы заттарды қолды етіп жүрген баукеспе құрықталды

Қалалық ІІБ-не өткен жыл соңында пәтер тонау қылмысы бойынша арыздар жиі түсе бастаған. Олардың барлығында ұрлықтың әсіресе, түнде, үй иелері шырт ұйқыда жатқанда жасалғандығы айтылған. Осы сипаттағы қылмыстар қаланың әр ауданында тіркелген. Баукеспелер негізінен көпқабатты үйлерді тонап отырған. Бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы петропавлдық ұсталды.

Данияр Найкин – Петропавл қалалық ІІБ қызметкері:

Дәл қазіргі уақытта күдіктінің 15 пәтерді тонауға қатысы барлығы анықталып отыр. Күдікті барлық қылмыстарын Петропавл қаласының көп қабатты үйлерінде жасаған.

Тергеу амалдарының барысында қылмыскердің бұрынғы балалар үйінің тәрбиеленушісі екендігі белгілі болды. Ұсталған өзінің кінәсін толық мойындап, қылмысты қалай жасағанын бүге-шігесіне дейін айтып берген. Ол түнгі 3 пен таңғы 6 шамасында көп қабатты үйлерді аралап, пәтер есіктерін зерттеген.

Күдікті:

Пәтерлерді аралап жүріп, есіктердің ашық тұрғанына көзім жетті. Көп адамдар есіктерін жаппай жатады. Жартылай ашық немесе кілт салынбағаны бірден белгілі. Үй қожайындары ұйқыда жатқанда ақырындап кіріп, ақша мен бағалы заттарды ғана алдым.

Жас жігіттің айтуынша, ол көбіне кіре беріс бөлмеде қалған әйел сөмкелерінен ақша жымқырып отырған. Кейде жолда тұрған фотоаппарат, ноутбук, ұялы телефон сынды бағалы заттарды да пайдаға асырыпты. Күдіктінің ең ірі олжасы – әйелдің сөмкесінен алған 70 мың теңге болған.

Қазір күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша қолхатпен босатылған. Тәртіп сақшылары оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеруде.