Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан дағдарыстың екінші толқынына дайын

Өтіп кеткен қоян жылы еліміз үшін табысты жыл ретінде есте қалды. Алайда, бұл тектен-тек орын алған дүние емес. Бұған бірқатар жағдайлар жасалды дейді Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов. Мұның ішінде еліміздің кедендік одаққа кіріп, біріңғай экономикалық кеңістік құруы, қазақстандық энергерусурстарға деген сұраныстың артуы септескен.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

Жалпы ішкі өнімнің өсімі 7 пайызды құрады. Ал Ресейде бұл көрсеткіш небары 4 пайызды құрайды. Бұған өнеркәсіптің өсімі, ауыл шаруашлығындағы астықтың мол шығымдылығы әсерін тигізді. Біздің элемдегі несиелік рейтингіміз де “3В+” көрсеткішіне жетті. Ресейдің көрсеткіші бізден бір саты төмен.

Өткен жыл бойына ұлттық валюта теңге өзінің тұрақтылығын танытты. Инфляция деңгейі 7,4 пайызда сақталды. Сондай-ақ, былтыр республика бойынша несиелендіру көрсеткіші бірден 13 пайызға көтерілді.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

Облыста 17 банк филиалы жұмыс істейді. Барлығы 76 құрылымдық бөлімше халыққа 60-70 түрлі қызметін ұсынуда. 2011 жылы облыста 80 млрд. теңге несие берілген. Депозиттер көлемі 40 млрд. теңгеге жетті.

Алайда, Америка Құрама Штаттары мен Еуроодақ елдеріндегі жағдай елімізге әсерін тигізбей қоймайды дейді тәжірибелі экономист. Қаржылық дағдарыстың екінші толқынының көлеңкесі елімізге де түсуі мүмкін. Бірақ, республика үкіметі бұған дайын деген сенімде қаржыгер. Елімізде қауіпсіздік, алдын-алу шаралары қолға алынды. Жаңадан жасақталатын үкімет те елді аман алып қалу жолында аянбай тер төгуі тиіс.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:

АҚШ-та, Еуроодақта бірқатар қиыншылықтар бар. Бірақ, 2012 жыл Қазақстан үшін жақсы жыл болуы тиіс. Ол үшін ұлттық қорда 43 млрд. доллар және алтын-валюта қорында тағы 30 млрд. доллар ақша бар. Барлығы 73 млрд-тан асады. Бұл алдағы уақытта сенімді іс-шаралар жүргізуге жеткілікті.

Өңірдегі банктер үстіміздегі жылы да халық пен шағын және орта бизнесті несиелендіру саясатын жалғастыру ниеттерін танытып отыр. Әсіресе, қаржы институттары аудан халқына жақындау мақсатында өз бөлімшелерінің санын арттыруды жоспарлаған.

Гүлмира Шоқтыбаева