Құқық қорғау органдары

2011 жылы прокурорлар әлеуметтік-экономикалық салада 39651 заңбұзушылықты анықтаған

Өткен жылы ауқымды жұмыс атқардық дейді прокурорлар. 2011 жылы әлеуметтік-экономикалық салада мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, қырық мыңға жуық заңбұзушылық анықталыпты. 31 мыңнан астам облыс азаматтының құқығы қорғалыпты. Әсіресе, жетім балалардың қамын жеген прокурорлар үлкен жұмыс тындырған. Нәтижесінде 13 бала баспаналы болды.

Асқар Досекенов – СҚО прокуроры:

Прокурорлық шаралардың нәтижесінде баспана алу үшін тіркеуге 387 жетім бала тұрғызылды. Ал 2008 жылы бар болғаны 27 бала ғана есепке алынған болатын. 2007 жылы бірде-біреу болған емес. Айту керек, 2010 жылдан осындай жұмыс қолға алынды. Бұрын мұндай жұмыс жүргізілген емес.

Еңбек заңдылығының сақталуы да прокурорлардың үнемі қадағалауында. Өткен жылы заң талаптарын бұзған 30 кәсіпорын жетекшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Еңбекақыларын бірнеше айлап көрмегендердің құқығын қорғаған прокурорлар 471 млн теңге көлеміндегі қарыздың қайтарылуына қол жеткізген.

Баспасөз мәслихатында жемқорлықпен күрес бағытында жүргізіліп жатқан жұмыс та сөз болды. Былтыр 87 қылмыс анықталған. Жемқорлыққа жол берген 2 әкім, мемлекеттік органдардың 13 қызметшісі, 1 судья, құқық қорғау органдарының 4 маманы сот шешімімен жауапқа тартылды. Баспасөз мәслихатында тілшілерді Асанов орта мектебінде орын алған оқиғаға қатысты жағдай қызықтырды. Жасы кіші балаларға зорлық көрсеткен оқушылар мен олардан жапа шеккендер қазіргі күні мектепте бірге оқып жатқан көрінеді.

Асқар Досекенов – СҚО прокуроры:

Заң бойынша қылмыс жасаған оқушыларды жауапқа тарта алмаймыз. Өйткені олардың жасы он төртке жетпеген. Бұл оқу орнында ауданның түкпір-түкпірінен келген оқушылар білім алады. Оларды басқа мектептерге жіберу мүмкіндігі жоқ. Жалпы интернаттағы жағдайды біз қатаң қадағалаудамыз.

Бұл оқиғаға қатысты тек мектеп директоры ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал тәртіптік жазаға 18 адам тартылыпты. Оның жетеуі жұмыстан босатылды.

Айымгүл Әбілева