Қоғам

Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайланды

Көппартиялы парламентте түрлі ұлт өкілдерінің мүддесін қорғап, еліміздегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтауға үлес қосатын халық қалаулыларын сайлауға өңірлік делегация да ат салысты. Қаңтардың 16-нда Бейбітшілік пен келісім сарайында ассамблея атынан дауыс беру құқығы бар 390 отандасымыздың 335-і өз таңдауларын жасады. Өңірлік ассамблея депутаттықтан үміткер ретінде 11 жерлесімізді тіркеген болатын. Дауыс берушілер өз таңдауларын жасап, лайықты қандидаттарды сайлады. Ассамблея атынан халық қалаулысы атанғандардың қатарында қазақ, шешен, неміс, корей, ұйғыр, украин, өзбек, орыс, татар ұлтының өкілдері бар.

Кәрібай Мұсырман – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының СҚОФ төрағасы:

Қазақстан Халқы ассамблеясының кезектен тыс сессиясына қатысып қайттық. Онда ұйымның белді де беделді 9 мүшесін республика парламентінің мәжілісіне депутат ретінде сайладық. Олардың баршасы басым дауыспен жеңіске жетті. Осы жиында Елбасы сөз сөйледі. Ол “Ассамблея – еліміздің демократиялық жаңашылдығы” деп атап өтті. Шындығында да мұндай орган өзге елдерде жоқ. Ассамблея мүшелері елдің тұрақтылығын, азаматтардың бірлігін, халықтың тыныштығын сақтауға үлес қосып жүр.