Мәдениет

Академиялық вокал орындаушылардың арасында фестиваль-байқау өтті

Тұңғыш рет өткізіліп отырған конкурста 7 мен 17 жас аралығындағы жас әншілер өнерлерін ортаға салды.

Елена Зейферт – № 1 өнер мектебі директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары:

Мұндай байқау қалада бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Оны өткізудегі басты мақсатымыз – дарынды балаларды іздеп табу және оларды академиялық вокалға бейімдеу. Әзірге мұнда қатысушылар саны көп емес.

Варвара Шевченко сахнаға алғаш болып шыққандардың бірі. Вокалдық ән айтумен ол соңғы екі жылдан бері айналысып келеді. Бүгін ол “Детские игры” және “Старая кукла” әндерін шырқады.

Варвара Шевченко – байқауға қатысушы:

Өзім орындайтын әндердің бәрін жақсы көремін. Бүгінгі сайыста жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Диана Жағапарова бұл сайысқа «Жас дарын» өнер мектебінің намысын арқалап келіпті. Кіші топта өнер көрсеткен қыз болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Диана Жағапарова – сайысқа қатысушы, «Жас дарын» өнер мектебі:

Мен бес жасымнан бастап ән айтамын. Бүгін «Солнечная капель» және «Колыбельная» деген әндерді айтамын. Бұған дейін мен «Әнші балапанға» қатыстым.

Өзара сайысқа түскен орындаушыларға екі ән айту міндеті жүктелді. Қазылар алқасы осындай сайыстарда жұлдыздар анықталады дейді.

Татьяна Мореева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың вокалды-хор кафедрасын меңгеруші:

Алғашқы қадам – әрқашан үлкен өмірге бастайды. Бүгінгі байқауға балалар жақсы дайындықпен келген. Болашақта олардың арасынан танымал әншілер шығуы да мүмкін.

Бірнеше сағаттан кейін байқау жеңімпаздары анықталды. Әр аталым бойынша бірінші, екінші, үшінші орындар өз иелерін тапты. Жарыс қорытындысы бойынша кіші топтан – Дарья Ускова, орта жаста – Данияр Маратбеков, ал ересектер арасынан – Марина Ударцева үздік деп танылды.

Әспет Әбдірешова