Қоғам

Қызылжар оранжереясындағы сирек өсімдіктер қурап жатыр

Жасыл желектердің жыл бойы жайқалып өсулері үшін ботаникалық бақтағы сынап бағанасы + 18 градустың шамасында болуы тиіс. Алайда ауа температурасы қалыпты деңгейден әлдеқайда төмен көрінеді.

Равиль Рязапов – «Кызылжар оранжереясы» МКҚК директоры:

Күндіз күннің көзі шыны қабырғаларды қыздырып, бақтың іші жылы болады. Күн батысымен температура күрт төмендейді. Осыдан өсімдіктер қурай бастады. Субтропиктік ағаштарға + 12 градустың өзі қауіпті. Мұнда тіпті +3 градусқа дейін ғана жылуда түнеп шыққан күндеріміз болды.

Бар гәп екі ірі нысанның бір жылыту желісіне қосылғандығында дейді энергетиктер.

Андрей Калиничев – “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:

Биылдан ботаникалық бақ жылу алатын магистральға аквопарк қосылды. Осы ауданға берілетін жылу енді екіге бөлінді. Берілетін жылу көлемін арттыурға мүмкіндік жоқ. Күн жылысымен 9-шы январь көшесіне 250 мм құбыр төсейміз. Жаңа магистраль іске қосылса, мәселе шешімін табады.

Бұл мақсатқа 94 млн теңге бөлінетін болады.

Артур Молдағұлов – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жер бөлу мәселесіне “Коммунхоз” комуналдық кәсіпорын кірісіп кетті. 2010 жылы 295 млн теңгеге бақ күрделі жөндеуден өткен. Алдағы уақытта қоршаулары да жаңартылады.

Әзірге көп жерлерде кезіге бермейтін өсімдіктерді қалыпты температурада ұстау үшін 16 және 30 КВ 12 қосымша жылыту колорифері мен екі газ құрылғысы орнатылды.

Жеңіс Ермұқанов