Мәдениет

Неміс поп-мәдениетінің «Music + x» музыкалық фестивалі Петропавлда

Неміс поп-мәдениетінің «Music + x»музыкалық фестивалі Қазақстанның бірқатар қалаларын аралап, біздің облыс орталығына да ат басын тіреді. Жерлестеріміздің назарына ұсынылған көрмеде Германия елінде кең тараған музыкалық жанрлармен танысуға болады. Бейнелеу өнері мұражайында қойылған 17 плакат «pop», «indie», «hip hop» және «techno» жанрлары жайлы сыр шертеді. Мұнда келгендер аталған бағыттар жайлы біраз ақпарат жинап қана қоймай, сондай-ақ неміс тілінде сөйлеуге машықтанады. Өйткені ұйымдастырушылар мәліметтерді неміс тілінде айтып, сұрақ қояды. Ал оқушылар осы тілде жауап қайтарады.

Наталья Козлова – Гете-институтының мультипликаторы:

Мұнда қойылған плакаттар жастар үшін өте қызықты, әрі танымдылығы мол. Мұнда олар неміс тілін қаншалықты меңгергендігін іс жүзінде біле алады.

Валерия Молоткова мектепте ағылшын тілін меңгеріп, осы жұрттың мәдениетіне қызығушылық танытады екен. Дегенмен, осы көрменің тақырыбы, мұндағы музыкалық жанрлар да оқушының жүрегіне жол тапқан көрінеді.

Валерия Молоткова – көрмені тамашалаушы:

Ағылшын тілін меңгерсем де, осы көрмеге келіп, музыканың түрлі жанрларымен таныс болғым келді. «Хип хоп», «инди» осының барлығы менің жаныма жақын. Өзім ән айтып, гитарамен ойнай білгендіктен, осы жанрларды үйренгім келеді.

Ерекше көрмені тамашалауға келгендердің саны аз болмады. Олар плакаттар арқылы сүйікті музыкалық жанры жайлы біраз мағлұмат алғандарын айтып отыр.

«Music + x” көрмесі солтүстікқазақстандықтарды ақпанның 5-не дейін қуантпақ.

Айдана Демесінова