Қоғам

«Нұр Отан» партиясын ұлықтау рәсімі

 

«Алға Қазақстан, жаса «Нұр Отан!» деп ұрандатып, салтанатты ұлықтау рәсіміне жиылған қауымды бас партияның облыстық өкілдігінің төрағасы, өңір басшысы Серік Біләлов ортақ жеңіспен құттықтады.

Серік Біләлов – «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы:

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты қазақстандықтарды мол табыстарға жетелеуде. Біз егеменді 20 жылда дамыған экономика мен әр саладағы жетістіктердің куәгеріміз. Бұған куә болып қана қоймай, әрбіріміз күш-жігеріміз жеткенше үлес қостық. Кезектен тыс сайлауда “Нұр Отан” партиясының көш бастауы бұл баршамыздың ортақ жеңісіміз. Талай белестер бағындырылды. Елімізді көркейте түсу үшін алда алар асуларымыз мол.

Бірлігі жарасқан еңбекқор жерлестеріміздің жұмылуымен негізгі іс тындырылып, таңдау жасалды. Ендігі мақсат – бүгінгі толағай табыстарды еселеудің жолдарын іздеу. Халық қалаулылары бұл мақсатта өздеріне артылған жүкті абыроймен атқарып, солтүстікқазақстандықтардың сенімдерін ақтайтындарына сөз береді.

Жомарт Қажырақымов – ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа үміткер:

Өткен 20 жылда көп жетістіктерге жеттік. Мен экономист ретінде айта кетейін, экономиканың рейтингі бойынша біз бұрынғы ТМД елдерінен асып кеттік. Бұл – «Нұр Отанның» лидері – Президентіміздің арқасы. Алдағы жоспарларымыз көп, біз олардың бәрін орындаймыз.

Бай да қуатты елдің ең басты жетістігі – халық. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов ел үмітін ақтаған, халық сенімін сақтаған кемеңгер ұлт көшбасшысының игі бастамалары кемел болашаққа жетелейтініне нық сенімді. Сондықтан барша қазақстандықтың ынтымақтастығы мен бірлігін жарастыра алған ел президенті төрағалық еткен саяси ұйымға өз басы басымдық беруді жөн санапты.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Біз, ардагерлер, «Нұр Отан» партиясының тірегі болып жүре берейік. «Нұр Отан» нақты істердің партиясы. «Нұр Отан» Елбасы, халқымыз үшін жұмыс істейді. Сондықтан, біз ардагерлер бір ауыздан осы партияны қолдап шықтық.

Сайлауға бейжайлық танытпаған ел ертеңі – білімді де жігерлі жастар да болашаққа сеніммен қараймыз дейді.

Мерекелік концертке ұласқан салтанатты жиында өңіріміздің үздік өнер ұжымдары құттықтауларын ән жырмен жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов