Қоғам

Сайлау учаскелерінің жабылуынан дауыстарды санауға дейін

Сағат тілі кешкі сегізді көрсетісімен, барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Ең алдымен, сайлау кезінде пайдаланылмаған бюллетендер жойылуы тиіс. № 738 учаскеде мұндай екі мыңнан астам бюллетень қалыпты. Ал осыдан кейінгі ең жауапты сәт – бюллетендерге толы жәшіктерді ашу. Ең алдымен жылжымалы урналар ашылды. Бұл учаскеде 23 адам үйде дауыс берген. Жәшіктегі бюллетендер саны дұрыс болып шықты.

Енді комиссия мүшелері ең басты үлкен жәшіктегі бюллетендерді санауға кірісіп кетті. Олардың айтуынша, бланкілердің үш түсті болуы жұмысты біршама жеңілдетіп отыр. Жеті партияның әрбіріне, облыстық және қалалық мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің әрқайсысына берілген дауыстарды комиссия мүшелері екі сағаттан астам уақыт ішінде санап шықты. Ал бұл жұмыстың барлығы байқаушылардың жіті назарында болды.

Нәтижесінде учаскеде тіркелген сайлаушылардың көпшілігі “Нұр Отан” партиясын қолдапты. Билік партиясына 799 адам дауыс берген. 126 дауыс жинаған Қазақстанның коммунистік халық партиясы екінші орында. “Ақжолға” 47 адам сенім білдірген.

Сондай-ақ, бұл учаскеде тіркелген сайлаушылардың көпшілігі облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер ішінде Серік Ахметбековке, ал қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттардан Николай Черноволға дауыс берген. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы сайлаудың тиісті деңгейде өткенін алға тартты.

Людмила Чебакова – №738 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

Сайлауға қатысу арқылы азаматтар ел тағдырына бейжай қарамайтындарын көрсетті. Біздің учаскеде 2 348 адам тіркелген. Жалпы алғанда олардың сайлауға қатысу көрсеткіші жаман емес. Көпшілігі белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады.

Ал түнгі сағат он екіге қарай бюллетеньдер қалалық сайлау комиссиясына жеткізіліп, сайлау қорытындылары тапсырылды. Жалпы алғанда Петропвалда 146 214 сайлаушы тіркелген. Қала тұрғындарының 53,92 пайызы дауыс беруге қатысты.

Николай Петров – қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:

2007 жылмен салыстырғанда қала тұрғындарының сайлауға қатысу көрсеткіші жоғары. Ол кезде бұл көрсеткіш 40,8% құраған еді. Биыл 54 % дерлік жетіп отыр. Сөйтіп, халқымыздың сайлауға қатысуға деген ықыластары артып отыр. Азаматтар еліміздің саяси және қоғамдық өміріне араласуға ниетті. Сайлау кезінде учаскелерде өрескел кемшіліктер тіркелген жоқ.

Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала жасаған мәліметі бойынша, біздің облыста сайлауға өңір тұрғындарының 80,7% қатысқан. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда жоғары. Ол жылы өз таңдауларын облыс халқының 75,03% жасаған еді.

Айымгүл Әбілева