Қоғам

Байқаушылардың сайлау туралы пікірлері

Бұл жолы өңіріміздегі сайлаудың өту барысын Түмен, Омбы, Қорған облыстарынан келген РФ-ның 27 байқаушысы бақылаған болатын. Саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, депутаттыққа үміткерлер және сайлау комиссияларының мүшелерімен кездескен шетелдік байқаушылар жиында өз әсерлерімен бөлісті.

Александр Игнатов – РФ Түмен облысы байқаушылар делегациясының жетекшісі:

– Сайлау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Түске дейін сайлаушылардың дені өз таңдауларын жасап үлгерді. Сайлау комиссияларының жұмысы қажет деңгейде орындалды деп ойлаймын.

Жұмыс барысында байқаушылар 200-ден астам сайлау учаскелерінде болыпты. Оның 60-сы облыс орталығында. Сондай-ақ дауыс беру және дауыс санау барысы да олардың назарынан тыс қалмаған.

Валерий Евдокименко – шетелдік мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларына, сондай-ақ, шетелдік БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығының жетекшісі:

Біздің облысымызға РФ-нан 27 байқаушы келген болатын. Олар бірталай жерлердегі сайлау барысымен танысты. Мен меймандарымызға атқарылған жұмыс үшін алғысымды білдіргім келеді.

Шетелдік делегация мүшелері бірқатар аудандар мен ауылдардағы сайлау барысымен де танысты. РФ Қорған облысы делегациясының мүшесі Борис Сапақов Мамлют ауданындағы маңызды науқанның өтуін бақылағандардың бірі. Сайлаудың ұйымдастырылуы мен комиссия мүшелерінің жұмысына айтар сыным жоқ дейді ол.

Борис Сапақов – РФ Қорған облысы байқаушылар делегациясының мүшесі:

Біздің делегация құрамында 6 кісі болды. Мен Мамлют ауданында болдым. Бәрі жақсы өтті. Ешқандай кемшілік жоқ.

Сондай-ақ байқаушылар сайлаудың ұйымдастырылуы жағынан өз елдерінде қолдану үшін тәжірибе алар тұстар да баршылық деп отыр.

Инеш Шоқақова