Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі сайлаудың алдын-ала қорытындыларын жария етті

Солтүстік Қазақстан облысында өткен сайлаудың барысын 41 байқаушы назарда ұстады. Олардың 14-і Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан болса, Ресейдің шекаралас Қорған, Түмен және Омбы облыстарынан 27 адам келді. Халықаралық байқаушылармен сайлаудан соң өңір басшысы Серік Біләлов кездесті.

Серік Біләлов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Сайлау қарсаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтті. Еліміз өркендеу барысында адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Осы тұста, электоралдық компаниялардың ашық және шынайы өткізілуі маңызды. Қаңтардың 15-індегі сайлау – еліміздің демократиялық дамуы бағытындағы тағы бір қадамы болды. Дауыс берудің қорытындысы бойынша тұңғыш рет көп партиялы Парламент жасақталады.

Байқаушылар алқасы облыста дауыс беру кезінде заңбұзушылықтардың болмағанын айтады. Олар қайта, жерлестеріміздің саяси белсенділіктерін сөз етті. Қаңтардың 15-інде өткен сайлауда өңір тұрғындарының 80,7 % конституциялық құқықтарын пайдаланған. Бұл ресейліктер тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Владимир Пугин – Қорған облысының қоғамдық палатасы аппаратының басшысы, байқаушы:

Мен Қазақстанға осымен 3-рет келіп отырмын. Бұған дейін Президент сайлауын байқаған едік. Атап өтетінім – халықтың дауыс беруге бір адамдай қатысуы. Көңіл-күйлері де осы күні көтеріңкі болды.

Анатолий Шейкин – Омбы облысы сайлау комиссиясы аппаратының аумақтармен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы, байқаушы:

Сайлау жоғары деңгейде өтті. Ол – әрине ұйымдастырушылардың еңбегі. Облыстық сайлау комиссиясы, қалалық, округтық комиссиялардың жұмыстарымен таныстық. Әсіресе, учаскелік комиссиялардың еңбегін ерекше атап өтеуге тиіспін.

Александр Игнатов – “Западно-сибирская лизинговая компания” ЖШС директоры:

Біз өңірдің барлық аудандарын барынша қамтуға тырыстық. Атқарылған жұмысты, сайлау барысын көрдік. Түйгеніміз көп. Енді мұның бәрін өзімізде іске жаратсақ деген ойымыз бар. Бірнеше партиядан жасақталатын Парламент халық игілігі жолында еңбек етеді деген сенімдемін.

Жиын барысында өңір басшысы алдын-ала қорытындылары жария етті. Халықтың басым көпшілігі, яғни 82,7% «Нұр Отан» партиясына қолдау білдірген. «Ақжол» партиясы өңір халқының 7,9% дауысын жинаған. «Қазақстан коммунистік халық партиясы» 7,8% дауысқа ие болды. Сайлау өткен соң, 1 айдың ішінде мемлекет басшысы Мәжілістің жаңа құрамын жасақтайтын болады.

Гульмира Шоқтыбаева