Ауыл шаруашылығы

«Дипломмен ауылға»

Явленка ауылындағы «Балапан» балабақшасы орын тепкен нысан тоқырау жылдары иесіз қалған. Кейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алдымен оның бірінші қабаты іске қосылса, кейіннен екінші қабаты пайдалануға берілген. Бүгінде балабақша қабырғасында 2-ден 6 жасқа дейінгі 140 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі мекемеде балалар үшін барлық жағдайлар қарастырылған.

Валентина Будаева – «Балапан» балабақшасының әдіскері, Явленка ауылы:

Біз мемлекеттік стандарттарға сай жұмыс істейміз. Соған сай балаларға барлық жағдай жасалған. Жылы, жайлы балабақшамыздың жөндеу жұмыстарына жыл сайын қомақты ақша бөлініп отырады.

«Балапан» балабақшасының тәрбиеленушілері аудан және облыс көлеміндегі конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Мұнда бүлдіршіндер қазақ және орыс тілдерінде оқиды. Балаларға шығармашылық тұрғыда ой-өрісін кеңейтіп, жұмыс жасайтын 19 тәрбиеші бар. Динара Ахметова жарты жылдан бері балабақшада музыкадан сабақ береді.

Динара Ахметова – «Балапан» балабақшасының музыкалық жетекшісі, Явленка ауылы:

Мемлекет жастар үшін барлық жағдайды жасап отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы естіп, университет тәмамдап, диплом алғаннан кейін бірден осында келдім. Балалармен жұмыс істеген маған ұнайды.

Айнаш Нұрғалиева да «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек жолын бастаған жас маманның бірі. «Медбике» мамандығы бойынша білім алған ол, қазір Явленка аудандық ауруханасында өз біліктілігін шыңдауда.

Айнаш Нұрғалиева – орталық аудандық аурухананың медбикесі, Явленка ауылы:

Мемлекетіміз жастар үшін көп жағдай жасайды. Соның бірі – біздің осы ауылға келіп жатқанымыз. Осы ауылдарды көркейту үшін. Маған өз жұмысым ұнайды. Және де мен осы мамандық бойынша жұмыс істей беремін.

Өткен жылы аудандық ауруханаға барлығы 8 жас маман тартылған. Аз уақыттың ішінде олар тәжіріибелерін шыңдап, жұмысқа бір кісідей сіңісіп кетті.

Александр Барабаш – орталық аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарушы:

Жаңадан келген мамандармен біз кәсіби бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз. 8 маманның 5-уі Қарағанды медициналық академиясында ауруханамыздың есебінен біліктіліктерін шыңдауда. Биыл келген жас мамандардың екеуі жеңілдетілген несиеге ие болып отыр.

Аудандық аурухана басшылығы әлі де мамандардың қажеттілігін айтып отыр.

Әспет Әбдірешова