Қоғам

Жылжымалы дауыс беру жәшіктері ұйымдастырылды

 

Ел үшін маңызды тарихи науқанда №742 сайлау учаскісіне ағылған қалалықтар да таңдауларын қағаз жүзінде нақтылады. Мұндағы 6 бірдей кабина босайтын емес. Мөрмен бекітілген мөлдір урнаға Шолпан Қабдықалықованың да бюллетені түсті. Өзімен бірге жетектеп әкелген 4 жасар Кәмила есімді қызының ертеңі жарқын болсын деп дауыс беріпті.

  Шолпан Қабдықалықова:
Балаларымның болашағы, Қазақстанның өркендеуі үшін сайлауға қатыстым. Таңдаған кандидаттарымыз сенімді ақтайды деп ойлаймын.  

Жалпы №742 сайлау учаскісінде 1892 адам тіркелген. Сағат күндізгі 12-ге дейін олардың 30 пайызы өз таңдауларын жасаған.

 Шәрғия Мұқышева, №742 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:
– 742 сайлау учаскісі о бастан дайын. Барлық ақпараттар бар. Халықтың көңіл-күйі жақсы деп ойлаймын. Себебі таң атқалы үзілмей келіп жатыр. Міне сағат 12 кезінде 500-дей адам өтті.  

Апалы- сіңілі Анар мен Әсем Жүнісовалар сайлауға немқұрайлық танытпағандардың қатарында. Егемендіктің 20 жылында еліміз талай биіктерді бағындырды. Болашағымыз нұрлы болуы үшін өз таңдауымызды жасауға келдік дейді.

Анар Жүнісова:
Осы күні мен дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Жастарға Қазақстанда бар жағдайлар жасалған. Сондықтан біз осы күні сайлау учаскілеріне келіп дауыс беруге тиіспіз.

Әсем Жүнісова:
Мен жас маманмын. Жұмыс орнымыз бар, жалақымыз жақсы. Сондықтан мен өз даусымды бердім, еліміздің болашағына ,еліміз жайнай берсін.  

Бұл күні  денсаулық жағдайына байланысты аталмыш учаскіге түркелген 41 тұрғын азаматтық құқықтарын арнайы орында білдіре алмады. Негізінен бұл құрметті демалысқа шыққандар мен мүгедек жандар. Сондықтан урна ұстаған сайлау учаскесінің мүшелері мүмкіндіктері шектеулі жандардың үйлерін аралап дауыс жинады. Лидия Таранина – 2-ші топ мүгедегі.   Десе де елдегі бар саяси жаңалықтардан құлағдар болып жүреді. Әр қазақстандыққа тікелей қатысты науқанның өзін айналып өтпегеніне қуанышты.

 Лидия Таранина:
Бұл азаматтық парызымыз. Үкімет мендей жандарды қамқорлығынан айырмай келеді. Ауадай қажет осы қолдау жалғаса берсін деймін. Сондықтан өтініш жазып, комиссияны үйіме шақыртып, сайлауға өз үлесімді қосып отырмын.  

Жылжымалы урнамен комиссия мүшелері Барановтар әулетінің де есігін қақты. Сексеннің сеңгіріне шыққан Валентин Никифоровичтің төсек тартып қалғанына біраз уақыт болыпты. Жетпісті желкелеген жары Лира Иванованың да денсаулығы мәз емес. Саналы ғұмырларында локомотив депосында қызмет еткен жандар еңбектерінің зейнетін көруде.

Лира Баранова:
Шөбере сүюге жазған менен бақытты адам жоқ шығар. Бүгін ұрпақтарымыздың өмірі осылай гүлдей берсін деп дауыс бердік. Зейнетақымыз жыл сайын қосылып жатыр. Биыл тағы ұлғайды. Бізге бұдан артық не керек.

 Валентин Баранов:
Елім, жерім деп жүрегі соғып тұрған адам шын бақытты. Мен солардың бірімін. Бүгінгі өмірге тәубе етемін. Ұлқыздарым маман атанды. Егеменді елдің дамуымен бірге өз ауыздарына қолдары жететін кезге жетті. Бүгінгі тірлігімізге шүкіршілік етемін.  

Өстіп белгіленген учаскіге жетуге қауқарлары болмаған тұрғындардың барлығы сайлаудан шет қалмай өз таңдауларын жасау мүмкіндігіне ие болды.

Жеңіс Ермұқанов