Қоғам

Сайлау науқанына аудандар тұрғындары да белсене қатысты

 

Сайлаушылар мұнда сағат жетіден ағылып келе бастады. Әрбірі үшін бұл күн ел тарихында елеулі орын алатын оқиғалардың бірі. Таң сәріден тұрған қызылжарлықтар бұл істі кейінге шегеруді жөн деп санамаған. Азаматтық борышын орындауға асыққан Ернар Қазбековтың бюллетеньдері жәшікке бірінші болып түсті.

Ернар Қазбеков,  «Қызылжар» мемлекеттiк орман мекемесi» ММ шебері, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы:
-Саналы азаматтар барлығы да бүгінгі сайлауға атсалысып, қатысады деп ойлаймын.
Біз өзіміздің отбасымызбен өз қалаулы азаматымызға дауыс бердік. Енді азаматтар, біздің міндет жүктеп отырған, ақтайды деп ойлаймын, сенемін сол азаматтарға.  

№351 сайлау учаскесінде 1026 тұрғын дауыс беруі тиіс. 40 минуттың ішінде 31 бескөлдік өз таңдауын жасап үлгерді. Осыған қарағанда тұрғындар толық  сайлауға қатысады, дейді комиссия мүшелері.

Жанар Жанабекова, №351 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі:
– Бүгін сайлау белсенді өтіп жатыр.
Біздің сайлаушылар таңғы сағат жетіден келіп жатыр. Бұл біздің сайлаушылардың отан алдындағы борышын жақсы атқаруына дәлел.

Ал Чапаев селосында орналасқан № 354 сайлау учаскесінде 290 азамат дауыс бере алды. Таңғы сағат 8-ге дейін мұнда тұрғындардың 10 пайызы өз таңдауын жасады. Солардың ішінде Жұмабаевтар жанұясы да бар. Айта кету керек, Темірболат Жұмабаев  – ауылдың ең үлкен ақсақалы. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария осы сынды маңызды шаралардан ешқашан шет қалған емес.

Темірболат Жұмабаев, Чапаев селосының ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Отаным үшін, елім үшін, балалардың келешегі үшін ерте семьяммен келіп дауыс бердім.
Тиыштық болсын, жақсылық болсын деп. Ауылымның азаматтары қатысса екен деп келдім .

Дауыс беру  басталғалы 2 сағат өтті. № 370 сайлау учаскесіндегі жәшікке 164 сайлаушының бюллетеньдері түсті. Бұл жерге кешкі сағат 8-ге дейін барлығы 630 адам келуі керек. Андрей және Галина Чекомазовтар өздерімен бірге 2 балақайын да ертіп әкеліпті.

Галина Чекомазова:
Жанұямызбен сайлауға келдік. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін дауыс бердік.

Боголюбово селосының тұрғындары азаматтық борышын орындағаннан кейін мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылған шағын концертке аттанды. Маңызды шара ауыл тұрғындары үшін мереке іспетті. Жиылған жұрт жайылған дастарханнан дәм татып, әсем әндерді тыңдаумен қатар би билеп, көңіл көтеруде.

Біз үшін бүгін маңызды күн. Біз өзіміздің таңдауымызды жасадық. Біз өз еліміз үшін, өз болашағымыз үшін дауыс бердік.
Көңіл-күйіміз жақсы.Қуаныштымыз сайлауға келгенімізге.

Бәйтерек ауылының тұрғындары да сайлаудың алғашқы сағаттарынан белсенділік танытты. Түске дейін №355 сайлау учаскесінде тіркелген азаматтардың 50 пайызы, қалаған партия мен үміткерлерге дауыс берді. Заңға қайшы әрекеттер бұл жерде анықталмаған

 Қайролла Сүлейменов, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінен келген байқаушы:
Байқап отырмын, халық барлығы келіп отыр. Сағат 10-ға дейін 50 проценті сайлап қойды. Ешқандай жағдайлар болған жоқ. Бәрі дұрыс. Барлығының жүздері жарқын.

Талғат Жұмабеков биыл 18 жасқа толып, сайлауға алғаш рет қатысып отыр. Ол 2011 жылдың маусымында тарихи отанына оралған екен. Өзбекстанда тұрып, туған елінің саяси жаңалықтарын қадағалап отыратын жасқа өз  елінде сайлауға қатысу – зор қуаныш .

 Талғат Жұмабеков :
– Мен бірінші рет Қазақстанға келіп тұрып, сайлауға келгеніме өте қуаныштымын.
Сезімімді қазір сөзбен айта алмаймын. Дұрыс таңдау жасадым деген ойдамын.  

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында Қызылжар ауданында 69 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

 

 

Айдана Демесінова