Қоғам

Әскери институттағы дауыс беру

 


Қаңтардың он бесі еліміз үшін аса елеулі күн. Сондықтан әскери институт курсанттары таң сәріден өз таңдауларын жасап, азаматтық борышын өтеуге асықты. Бұл күннің сайлауға бірінші рет қатысып отырғандар үшін маңызы тіптен зор. Нұрсұлтан Түлкібай бүгін алғаш рет дауыс беріп қана қоймай, оның бюллетендері де жәшікке бірінші болып түсті.
Жалпы №795 сайлау учаскесінде өз таңдауларын тұңғыш рет 93 курсант жасады. Оларға арнайы сыйлық та әзірленіпті. Алғаш рет дауыс беріп отырғандардың әрбірі үшін қаңтардың он бесі ерекше күн ретінде есте қалмақ. Курсанттармен қатар әскерилер де ерекше белсенділік танытты. Көпшілігі сайлау учаскесіне отбасыларымен келген. Ел болашағы, ұрпақ келешегі үшін дауыс беру міндет дейді олар. Бұл күні әскерилер әдеттегідей қатаң тәртіп, асқан ұйымшылдық танытты. Осылайша, олар туған елдің тағдырына бейжай қарамайтындарын тағы бір айғақтады. Ал сайлау барысын, заң талаптарының орындалуын байқаушылар жіті бақылады. Бұл күні әркім қалауы бойынша таңдау жасады. Тәуелсіз мемлекеттің әрі қарай өсіп-өркендеуі үшін, еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің баянды болуы үшін дауыс берді.
Әскери қалашық тұрғындары ел өміріндегі саяси маңызды оқиғадан шет қалмай, айырықша белсенділік танытуда. Дауыс берудің басталғанына бір жарым сағат қана болды. Осы уақытта 300-ден астам адам өз таңдауларын жасап үлгерді. Бұл №795 сайлау учаскесінде тіркелгендердің үштен бір бөлігі. Жалпы дауыс беруді сағат он бірге дейін аяқтау жоспарланып отыр.

 Айымгүл Әбілева