Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаза басқандарға рақымшылық жасалады

 

 

 

Бүгінде өңірімізде түрлі деңгейде қылмыстар жасап темір тордың ар жағына тоғытылғандардың саны 1700-ден асып жығылады. Түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің 132-сі рақымшылыққа ілігіп, тағатсыздана күткен бостандыққа шығу мүмкіндігіне ие.

Андрей Бессонов, СҚО түзету мекемелерін қадағалайтын арнайы прокуроры:
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай жазаларын өтеп жатқандарды  жартылай немесе бүтіндей кешіру туралы қаулы қабылданды. Бұл ең алдымен тек жеңіл және орташа  қылмыс жасап, сотталғандарға қатысты. Ол үшін жазасының негізгі бөлігін өтеу керек. Жазаға тартылған мүгедек, не жүкті болса рақымшылыққа ілігеді. Сондай-ақ әйелдер – 50, ер адамдар 63 жастан асса, түрмеден жазасын толық өтемей шығу мүмкіндігіне ие.  

Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған тұлғалар рақымшылыққа ілікпейді. Бұл қоғамнан оқшауланған азаматтардың ізгілік жолына түсіп, мемлекеттің тең құқылы азаматтарына айналуларына жол салады. Соңғы рет рақымшылық тәуелсіздіктің 15 жылдығында жарияланыпты. Егеменді жылдары еліміздің құқық қорғау саласы заман ағымына сай бірқатар реформаларды бастан өткерді.

Андрей Бессонов, СҚО түзету мекемелерін қадағалайтын арнайы прокуроры:
– Өткен жылы қылмыстық кодекстегі баптардың құрамына толықтырулар енгізілді. Олардың барлығы қоғамды ізгілендіруге бағытталған. Қылмыстық кодекстің кейбір тармақтары әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ауыстырылды.
Осыған орай былтыр өңірдегі түзету мекемелерінен 38 адам берілген мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.  

 Прокурорлар өткен жылы темір тордың ар жағындағылардың құқықтары толықтай сақталғанын айтады.

Андрей Бессонов, СҚО түзету мекемелерін қадағалайтын арнайы прокуроры:
– Былтыр түзету мекемелерінде келеңсіз оқиғалар тіркелмеді. Сотталғандардың әлеуметтік мәселелері шешілуде. Киім-кешек жеткілікті, Ас мәзірі барлық санитарлық талаптарға сай әзірленеді. Бақылаушылардың тарапынан қандай да бір құқықтарынын бұзылғаны байқалмады.  

 Жеңіс Ермұқанов