Қоғам

Полигонда темір іздеу денсаулыққа қауіпті

 

 Қатты қалдықтар полигоны түсті және қара металл іздеушілердің мекеніне айналған. Азын- аулақ тиын- тебен табуды көздейтін қазбашылар үшін бұл аумақ өте қауіпті. 30 гектар жер малдардың  өлексесін  көму үшін қарастырылған. Төрт түлікке лайықталған молаға иесіне сенімді серік болған иттермен қатар ауру жануарлар көміліпті. Бұл арнайы орынға 70-ші  жылдары сібір жарасынан өлген малдардың сүйегі жасырылған екен.

Ербатыр Мадияров, Петропавл қалалық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының бастығы:
– Сібір жарасының қалдықтары топырақта жүз жылдай сақталады. Сондықтан сібір жарасының алдын алудың санитарлық ережелері бойынша бұл жерде іздестіру және құрылыс жүргізуге болмайды. Сонымен қатар жалға беруге жарамайды.  

Өңіріміздегі жерасты сулары жердің үстіңгі  қыртысына тым жақын орналасқан дейді мамандар. Көмілген жануар түрлі инфекциялық аурулар таратуы мүмкін. Айналасында  2,5 метрлік ор қазылып, адам денсаулығы мен өміріне өте қауіпті деген ескерту белгілері орнатылса да оңай олжаға үйір жандарды бұл кедергілер тоқтатар емес.

Ербатыр Мадияров, Петропавл қалалық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының бастығы:
-Біз апта сайын осы мал қорымы бойынша мониторинг жүргіземіз. Адамдардың осы жерге кіруі және қазу жұмыстарын жүргізуі әлі жалғасып жатыр. Біз Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына осы жерге күзет қою және аумаққа көлікпен кіруге тыйым салынғаны туралы белгі орнату туралы хат жаздық.  

Тіпті трактормен еніп, қазба жұмыстарымен айналысатын жерлестеріміз де табылып жататын көрінеді. Санитар мамандар  ережені елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Бүгінге дейін ұсталғандар  20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленіпті.

Жеңіс Ермұқанов