Балалар

Балабақшалар көбейіп келеді

 

 

“Арман” шағын орталығында бүгінде 75 бала тәрбиеленуде. Екіден бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген. Шағын орталықта балалар білікті мамандардың қамқорлығында болып, білімге жастайынан икемделуде.

Темірлан Баймұқанов, “Арман” шағын орталығының тәрбиеленушісі:
-Ойнаймыз, тамақ ішеміз, сазбалшықпен ойнаймыз. Маған мұнда ұнайды.

Заман талабына сай қажетті құралдармен жабдықталған шағын орталықта балалардың жан-жақты дамуына тиісті жағдай жасалған. Бүлдіршіндермен білікті мамандар жұмыс жасайды. Күнделікті таңертең балаларды міндетті түрде дәрігер қарайды. Ал олардың интеллектуалдық және шығармашылық дамуына 4 тәрбиеші мен олардың көмекшілері жауапты. Сәуле Мусина кезінде балабақшада тәрбиеші болып еңбек етіпті. Бірақ ол тоқсаныншы жылдары жабылып қалып, бұл мамандығынан қол үзуге тура келген. Ал үш жыл бұрын ауылда шағын орталықтың ашылуы қайта сүйікті ісіне оралуға мүмкіндік берді.

Сәуле Мусина, “Арман” шағын орталығының тәрбиешісі:
-Шағын орталық ашылғасын осында тәрбиеші болып жұмысқа тұрдым. Өз мамандығым бойынша еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Өйткені, балаларды өте жақсы көремін. Олармен жұмыс істеп, тәлім-тәрбие беру мен үшін үлкен қуаныш.  

Бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім мекемесінде тәлім-тәрбие алуы олардың білімге деген қызығушылығын ерте оятады деген сенімде ата-аналар. Гүлмира Смайылованың ұлы биыл бірінші сыныпқа барыпты. Шағын орталықта алған тәлімі оның мектеп бағдарламасын әрі қарай жақсы игеруіне ықпал етуде дейді анасы.

Гүлмира Смайылова:
-Шағын орталықтың ашылғаны ата-аналар үшін қуанышты жайт. Балаларымыз мұнда жақсы тәрбие алуда. Олармен білімді мамандар жұмыс жасайды.  

Ал мына бүлдіршіндер қосымша ашылған топта тәлім-тәрбие алады. Қажеттілік болғандықтан өткен жылы орталықта тағы бір топ ашылыпты. 25 бүлдіршін жарты күн болса да тәжірибелі мамандардың қамқорлығында.

Татьяна Коркина, Соколов орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
Соколовта бүгінде мектепке дейінгі жастағы 150 бала бар. Сондықтан тағы бір топ ашу қажеттілігі туындады. Өткен жылдың ақпан айында шағын орталықта қосымша топ аштық. Бүлдіршіндермен білікті мамандар жұмыс жасайды. Оларға мұнда жан-жақты дамуға жақсы жағдай жасалған.

Жалпы бүгінгі күні Қызылжар ауданындағы балабақша мен шағын орталықтардың саны 50-ге жетеді. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 86,5 пайызды құрайды.

Айымгүл Әбілева