Қоғам

Дінмұхаммед Қонаевтың мерейтойы

 

 

Көрмеге халқымыздың сүйікті ұлдарының бірі, артына өшпес із қалдырған қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер мен құжаттардың көшірмелері қойылған. Жәдігерлер қоры өте ауқымды. Сондықтан жұртшылық назарына ірі тұлғаның облыс тарихымен байланысты өмірінің сәттері ұсынылып отыр.

Әлия Үсейінова, СҚО тарихи- өлкетану мұражайының қызметкері:
-Дінмұхаммед Қонаевтың саяси қалыптасуында тың және тыңайған жерлерді игеру маңызды орын алды. Экспозицияда тың игеру кезінде Қонаевтің облыс басшылары мен механизатор, тракторшылармен кездескендегі фотосуреттері көрсетілген.

Жасұлан Құдабаев өңірімізде тың игеру басталғанда  бригадир қызметінде жүріпті. Тыл еңбеккері жұмыс барысымен Кеңестік Қазақстанды басқарған Дінмұхаммед Қонаевпен кездескен сәттері әлі көз алдымда дейді. Тау-кен инженері мамандығын алған Қонаев бұрғылау станогының машинисінен бастап Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысына дейінгі қызметтерді атқарып, өз заманының ірі саясаткері бола білді. Ол билік басында болған жылдары елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Техника ғылымдарының докторы , ҰҒА академигі артына 100-ден аса ғылыми еңбек қалдырды. Елге сіңірген еңбегі үшін кеудесін орден, медальдар көмкеріп, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына лайық деп танылды. Дінмұхаммед Ахметұлының атында қайырымдылық қоры құрылған. Біртуар азаматқа арналып мұражай ашылып, оның есімі өндіріс, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарына, еліміздің қалаларындағы көшелерге берілген. Абзал азамат 1993 жылы 22-тамызда 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Көрнекті тұлға жайлы толық ақпарат аламын деушілерге облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ашылған көрмені келесі айдың 15-не дейін тамашалауға болады.

 Жеңіс Ермұқанов