Көлік және жолдар

Жеке меншік техникалық байқау орталығы


 

Жаңа жылда жол сақшыларының жаңалықтары молынан. Бірінші кезекте, жолда жүру ережелеріне бірқатар өзгерістер мен нақтылаулар енгізілген. Бұлардың барлығы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заңның ақтаңдақтарын түзеуге бағытталған деседі. Осылайша, ауланың ішінде соқтығысып қалу фактісі де жол-көлік оқиғасы ретінде қарастырылып, темір тұлпар иелері сақтандыру компанияларынан тиісті төлемдерін талап ете алады. Қауіпсіздік белбеулерін тақпай келген жедел қызметтер мен такси жүргізушілеріне, бұдан былай тәртіп ортақ болмақ. Жолды белгіленбеген жерден қиып өтетін жүргіншілерге қатысты да бірқатар нақтылаулар қарастырылыпты. Алайда, көпшілікті толғандырған басты мәселе – жаңа жылдан көліктерін техникалық байқаудан өткізу жайы. Әзірше, облыс орталығында 2 жеке меншік орталық тіркелген. Свободная көшесі 8-үй мекен-жайындағы қосынға көліктер таңертеңнен тізілуде. Бүгіндікке жерлестерімізге аталған орталық қана қызмет көрсетіп жатыр. Техникалық байқаудан өту құны жеңіл көліктер үшін 4 мың теңге.
Машинаның барлық көрсеткіштерін анықтайтын құрылғыларды сатып алуға кәсіпкер 65 мың АҚШ долларын жұмсағанын айтады. Қондырғылар өз құнын 2 жылда өтеп шығады. Бірақ біздің басты мақсатымыз – жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету дейді стансадағылар. Техник-механик Дәуренбек Қасеновтың өзі талайдан көлік жүргізеді. Қатынас құралы қай кезде де ақаусыз болуы тиіс дейді ол.Техникалық байқауды 30 минуттың ішінде өтуге болады. Кейін қолыңа көліктің дұрыс жұмысын растайтын парақ беріледі. Әзірге, көлік иелері кіші-гірім кезектерде уақыт жоғалтуда.

Руслан Шамсутдинов, көлік иесі:
-Бірінші кезекте көлігің жүруге қауіпсіз болуы тиіс. Мен мұны құптаймын. Тек қазір халық даурығып, жапа-тармағай тексерістен өтуге асығып жатыр. Бұл уақытша құбылыс болар. Және байқаудан өту құны қымбаттағаны қалтаға жеңіл соқпайтыны рас.  

Барлығы қаңтардың 4-інен жеке меншік станцияның қызметіне 160-тан астам жүргізуші жүгінген. Күнделікті орташа алғанда 40 көлік тексеріледі. Қажет болса, 80 көлікті де қарайтын қауқарлары бар. Екі стационарлық желімен қоса, 1 мобильді орталық жұмыс істейді. Бүгіннің өзінде байқаудан өте алмағандар да баршылық. Олар 10 күн ішінде ақауларын түзеп келсе, көліктің нақты сол көрсеткіші ғана тексеріледі. Жұмсайтын қаржысы есесіне азырақ болады. Өңірде тіркелген 101 мыңнан аса көлікті байқаудан мерзімінде өткізу үшін осы сынды 15 орталық жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан  полицейлер техникалық байқаудан өтіп үлгермеген азаматтарға уақытша жазалау шараларын қолданбауға уәде берді.
Техникалық байқаудан өткені туралы талонды бірден станцияда алуға болады. Оның бұрынғысынан еш өзгерісі жоқ. Мерзімі де өзгеріссіз қалды. Ұсталған жеңіл көліктерге 1 жылға беріледі.

 Гүлмира Шоқтыбаева