Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің Аққайың ауданына жұмыс сапары

 

 

 

Алдымен өңір басшысы Серік Біләлов Астраханка селолық округінде болды. Мұнда ол орта мектепте орналасқан нөмірі 118-ші сайлау учаскесінің әзірлігімен танысты. Бүгіндері сайлаушылардың тізімдері нақтыланған. Қаңтардың 15-і күні 572 азамат мұнда келіп өз таңдауларын жасамақ. Бұдан соң Серік Біләлов мектепті аралап көрді. Мұнда 132 оқушы білім алады. Спорт залы мен асханаға биыл жөндеу   жүргізіліпті. Облыс әкімі 2006 жылы ашылған фельдшерлік – акушерлік қосынға да соқты. Мұнда бір дәрігер, екі медбибі ауылдықтардың денсаулықтарын бақылайды. Аудан орталығы Смирнов елді мекеніндегі нөмірі бірінші мектепте 725 тұрғын өздері таңдаған үміткерге дауыстарын бермек. Алдағы науқанға сайлау учаскесі сақадай сай. Аймақ басшысы білім ордасының кабинеттерін де аралап көрді. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай мектепте 34 мұғалім жұмыс істейді. «Дипломмен  – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында аталмыш білім ошағының ұжымы биыл тағы 2 жас маманмен толыққан. Салауатты өмір салтын қалыптастыратын спортзал керекті құрал – жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Алайда өңір жетекшісі еңбек пәні мұғалімінің жұмысын қатаң сынға алды. Кабинетте тұрған қондырғылардың жартысынан көбі істен шыққан. Оқушылар   45 минут  сабақты босқа өткізетін көрінеді.  
Бұдан соң Серік Біләлов Григорьев селолық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында таза ауыз суы мәселесін шешу сөз болды.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Аудан орталығынан 6 шақырым жерде орналасқан Трудовое елді мекенінде бұл проблеманың шешімін таппай жүргеніне біршама уақыт болды. Бүгін мен мұнда осы мәселені шешу үшін арнайы келдім. Таза ауыз су беру үшін қолда бар мүмкіндікті жасауымыз керек.  

Бұл ауылдың 1200-ден артық тұрғыны бар. Елді мекенге таза ауыз су әлі жетпеген. Өңір жетекшісі жауапты орган басшыларына мәселені соза бермей, шешуді тапсырды.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ауылға таза ауыз су беруіміз керек. Сметалық- жобалық құжатты әзірлеңіздер. Ақша бөлінеді. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тіршілік көзін тез арада тартуымыз қажет. Ескі су мұнарасын қайта қалпына келтіретін боламыз. Жұмысты қазірден бастағанымыз абзал. Сондай-ақ көшелерге 20-дан астам колонка орнататын боламыз.  

Бұдан кейін аймақ басшысы орталық аудандық ауруханада болды. Әлеуметтік маңызы бар нысанның хирургия бөлімшесінде су жоқ. Серік Біләлов бұл проблеманы тез арада шешу керектігін ескертті.

Жеңіс Ермұқанов