Бизнес және экономика

Кәсіпкерлікті қолдау орталығы

 

 

 

Ерғали Көпеев өз ісін бірнеше ай бұрын ғана бастапты. Алдымен ол «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының «Бизнес кеңесші» курсын тәмамдаған. Ал енді азық-түлік өнімдерінің өндірісін қолға алып, жеке ісін өрлетуді көздеп отыр. Бұл тұста мамандардың кәсіби кеңестері ерекше қажет дейді іскер азамат.

Ерғали Көпеев, «Көпеев» жеке кәсіпкерлігінің директоры:
– Мен «Даму» қорын бұрыннан білемін. Орталықтың ашылғанына ризамын. Өз мәселелерімізбен келіп, жауап аламыз.

Кәсіпкерлерге қаржылық емес қызмет түрлерін көрсету орталығы ашылғаннан бері мамандарының көмегіне 200-ден астам азамат жүгініпті. Олар жеке ісін енді бастаған азаматтармен қатар талай жылдар бойы өз кәсібін өрге домалатушы жерлестерімізге де кеңес беруде.

Гүлмира Зейнуллина, СҚО аймақтық «Кәсіпкерлікті дамыту «Даму» қоры» АҚ филиалының менеджері:
– Орталық кәсіпкерлерді мемлекеттік және халықаралық бағдарламалармен таныстырады. Қызмет тегін түрде жүргізіледі. Біздің кеңсеміз Алтынсарин көшесі, 168-б мекен-жайы бойынша орналасқан.

Бизнес-жоспарды қалай құру қажет? Несие алар кезде банкке қандай құжаттар ұсынған дұрыс? Мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы болу үшін не істеу қажет? Кәсіпкерлердің орталық мамандарына жолдайтын басты сауалдары осы.

Ирина Васильева, СҚО аймақтық «Кәсіпкерлікті дамыту «Даму» қоры» АҚ филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшісі:
– Кәсіпкерлердің сауалдары негізінен қаржылық мәселелерге байланысты. Біздің орталықта заңгер және экономист мамандығындағы 2 кеңесші жұмыс істейді. Сондықтан біз кәсіпкерлердің барлық сауалдарына жауап беруге әзірміз. Өзге менеджерлермен де тығыз қарым-қатынастамыз.

Сондай-ақ ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге қосымша мүмкіндік жасалған. Орталық қызметкерлері аудандарға шығып, кәсіби кеңес беруді де қолға алыпты.

Инеш Шоқақова