Бизнес және экономика

Өңір өнеркәсібінің жетістіктері

 

 

 Кеден одағы қазақстандықтарға Ресей мен Беларусь мемлекеттері нарығына жол ашып, мүмкіндіктерін молайтуға игі ықпал етті. Мамандар осы уақытта бірталай маңызды қадамдар болғанын, оң көрсеткіштердің орын алғанын алға тартып отыр. Мұны Одақтың тиімділігін өз тәжірибелерінде байқаған Петропавл құрылыс материалдары зауытындағылар айғақтайды. Нарыққа шыққанына бес жыл болған кәсіпорын 2010 жылдан Кеден одағы аясында жұмыс істеп жатыр. Сөйтіп, екі жылға жуық уақыт артта қалғанда зауыттағылар Кеден Одағының оңтайлы жақтарын сеніммен айта алады. Бірінші кезекте, сауда жасайтын кеңістігіміз кеңейіп, түрлі кедендік, әкімшілік кедергілер жойылып отыр.

Илья Тонков, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директоры:
-Кеден бекеттерінен өту жеңілдеді. Бұрын кей кездері жүк тиелген көліктер бір тәулікке дейін тұратын. Қазір бұл рәсім аз уақыт алады. Мұнымен қатар кедендік төлем қазір жоқ. Елу евро көп қаржы емес. Десек те, бүгінде бұл ақшаны мүлдем алмайды. Тағы бір маңызды жайт, қосымша құн салығын бір айға дейін шегеру мүмкіндігі беріліп отыр.

Кеден Одағы шеңберінде зауыт көрші Ресей мемлекетінің кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Зауытта шығарылатын полиэтилен құбырлары, сэндвич-панельдері Омбы, Қорған, Нижневартовск қалаларына жөнелтіледі. Алдағы уақытта зауыттағылар әріптестік аясын кеңейтіп, өнімдерін Владивосток қаласына экспорттау мақсатын қойып отыр.

Илья Тонков, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директоры:
-2010 жылы тек Омбы қаласындағы кәсіпорындармен серіктестік орнатқан болатынбыз. Ал бүгінде өнім сататын нарықты біршама кеңейттік. Қазақстанда болмағандықтан кейбір шикізатты біз сырттан әкелеміз. Егер 2010 жылы импорт – 16 млн. теңгені құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 250 млн-ға жетті. Экспорт бойынша да оң көрсеткіштеріміз бар. Егер 2010 жылы – экспорт 6,5 млн. теңгені құраса, 2011 жылы 140 млн-ға жетті.

Осылайша, 2011 жыл зауыт ұжымы үшін табысты болған. 2010 жылмен салыстырғанда саудаға шығарылған өнім көлемі екі есе өсіп, екі млрд. теңгеден асып жығылған. Биылға жоспарланған жұмыс та ауқымды көрінеді. Бүгінде бірқатар отандық және ресейлік кәсіпорындармен келісім жасалып та қойыпты. Өндіріс көлемін арттыру көзделген.  

 Жалпы Кеден Одағы шеңберінде облыста отыздан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. Өткен жылы біздің өңір мен Кеден Одағына мүше елдер арасындағы өзара сауда көлемі 568 млн. АҚШ долларынан асып жығылған.

Айымгүл Әбілева