Қоғам

Ауылдағы шағын кәсіпкерлік

 

 

Дмитрий Черный – Булаев қаласында жақында ашылған әсемдік салонының тұрақты клиенті. Салонның жұмыс істей бастағанына аз ғана уақыт болса да, қызмет сапасы жоғары. Барлығы көңілімнен шығады дейді қала тұрғыны.

  Дмитрий Черный:

-Бұрын басқа шаштаразға баратынмын, ал қазір үнемі осы жаңа салонда шашымды қидыртамын. Шеберлердің ісіне тағар мінім жоқ. Жұмыс істейтін уақыттары да өте ыңғайлы. Жұмыстан шыққаннан кейін келуге болады.

Әсемдік салоны Булаевта өткен жылдың қараша айында ашылған. Бүгінде мұнда барлық қызмет түрі көрсетіледі – шаш қию, шаш бояу, маникюр, педикюр, солярий де бар. Әсемдік салонының иесі Карина Пальчик көптен бері өз ісін ашуды армандаған екен. Бүгін таңда тәуелсіз елімізде арман-мақсатыңды жүзеге асыруға мүмкіндік мол, тек ниет болса болғаны дейді ол. Айтқандай, Карина тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. Былтыр ол еліміздің мерейтойымен қатар, өзінің жиырма жасқа келуін де атап өткен.

  Карина Пальчик, әсемдік салонының директоры:
-Әсемдік салонын тәуелсіздігімізге жиырма жыл толған жылы аштым. Мен үшін өте қуанышты жайт. Бүгінгі күні елімізде өз ісіңді ашуға мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан бизнеске үлкен қолдау көрсетіледі. Тек алға айқын мақсат қойып, еңбек ету керек.  

Әсемдік салонының ашылуымен жаңа жұмыс орындары пайда болды. Қазірде мұнда екі шаштараз  бен маникюр жасап, тырнақ өсіретін шебер өз қызметін көрсетеді. Айгүл Қарсақбаева салон ашылғаннан бері жұмыс істейді. Шаш қиып, оны сәндеу – Айгүлдің сүйікті ісі. Бұл өнердің қыр-сырын ол арнайы оқуға барып меңгерген.

  Айгүл Қарсақбаева, шаштараз:
-Маған жұмысым өте ұнайды. Барлығы көңілімнен шығады. Еңбекақымызды уақытында аламыз.

Ал Инна Басалгина маникюр жасап, тырнақ өсіреді. Бұл шаруа үлкен еңбекті қажет етеді дейді шебер.

  Инна Басалгина, шебер:
– Бұл өнерді көптен бері меңгергім келетін. Осындай мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Салон есебінен курсқа барып, тырнақ сәндеудің қыр-сырын үйрендім. Енді осы меңгергенімді іске жаратып жатырмын. Тұрақты клиенттерім де бар.  

  Анна Иванченко:
– Бұрын біз тырнағымызды әсемдеу үшін үйде жұмыс істейтін шеберге баратынбыз. Ал қазір өте ыңғайлы. Кез келген уақытта осында келіп, жасата қоямыз. Әрі бағасы да қалта көтерерлік.  

Енді алдағы уақытта мұнда косметология және массаж жасау кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

Айымгүл Әбілева