Қоғам

Мағжан Жұмабаев ауданы сайлауға әзір

 

 

Алдағы саяси аламанда Мағжан Жұмабаев ауданында 45 үміткер бәсекеге түспек. Олардың он бесі – “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясынан ұсынылған кандидаттар. Үміткерлер бүгінде сайлаушылармен кездесіп, бағдарламаларымен таныстырып жатыр. Еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары орасан. Жиырма жылдық белесті бағындырған тұста алда тұрған маңызды міндет – осы жетістіктерімізді еселей түсу. Ал бұл іске әрбір ел азаматының өз үлесін қосқаны жөн дейді топ мүшелері.  Аудан тұрғындарын сайлауға белсенді қатысуға облыстық филармония әртістері де үндеді. Олар шырқаған әрбір ән еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты, бірлік пен келісімді тағы бір мәрте паш етті. Алдағы Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы – ел өміріндегі саяси мәні зор оқиға. Сондықтан әрбір қазақстандықтың немқұрайдылық танытпай, өз таңдауын жасауы маңызды. Мұны Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары жақсы түсінеді. Олар қаңтардың он бесі өтетін сайлауға міндетті түрде келіп, ел болашағы, ұрпақ келешегі үшін дауыс беруге дайын.

Зәмзагүл Ғабдулина:
-Елімізде барлық салада өзгерістер бар. Халықтың жұмысы бар, балаларымызды оқытып жатырмыз. Енді әрі қарай осылай жалғаса беруі үшін 15 қаңтарда өтетін сайлауға бәріміз келіп, өз таңдауымызды жасауымыз қажет.  

 Айгүл Ғабдулина:
-Сайлаудың еліміз үшін, өзіміз үшін маңызы зор. Сондықтан әрбір ел азаматы атсалысуы қажет. Әсіресе, біз жастар еліміздің болашағы сайлауға қатысып, дауыс беруіміз керек.

Бүгінде ауданда 66 сайлау учаскесі құрылған. Олардың барлығы алдағы саяси додаға дайын.

Айымгүл Әбілева