Ауыл шаруашылығы

Жұмадағы жәрмеңке


 

Раиса Захарова “Қызыл Жар-Ақбастау” коммуналдық базары ауданында тұрады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне әрдайым келеді. Мұнда азық-түліктің бағасы қалта көтерерлік дейді зейнеткер.

 Раиса Захарова,:

-Жәрмеңкедегі азық-түліктің бағасы көңілімізден шығады. Зейнеткерлер үшін қалта көтерерлік. Бүгін міне арнайы келіп ірімшік, сүт сатып алдым.  

Әдетте жәрмеңкелер сенбі күндері өткізіледі. Бірақ православтықтардың басты мейрамдарының бірі – Рождество қарсаңында сауда-саттық жұма күні ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы қала тұрғындарына өз өнімдерін Қызылжар, Есіл және Аққайың аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ұсынды.

Береке Сәдуақасов, Аралағаш селолық округінің әкімі, Аққайың ауданы:
-Жәрмеңкеге келіп тұрамыз. Бүгін әкелген азық-түлігіміз – қаз, үйрек, май, сүт . Әкелген азық-түлігіміздің бағасы 20-30 пайызға төмен.

Жәрмеңкеде сиыр еті – 780-1000, шошқа еті – 550- 680 теңгеден сатылды. Сүттің литрі – 90-100 теңге, ірімшіктің келісі – 300-330, қаймақтың бағасы шамамен – 600 теңге, ал үй майын тұрғындар 1000 теңгеден сатып алды. Балдың бағасы да осы шамада.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде құс еті мен балық та саудаға шығарылды.

Вячеслав Смирнов, «Смирнов» жеке кәсіпкерлігінің директоры:
-Мен жәрмеңкеге үнемі балықтың 5 сұрпын әкелемін. Тұқы балығын 500 теңгеден сатып жатырмын. Ал өзге сауда орындарында ол 700 теңге тұрады. Шортан балық та қымбат емес. Бағасы – 480 теңге.

Жәрмеңкеде сатылған жұмыртқаның бағасы да біршама арзан. Мұнда өз өнімдерін «Алекри» және «Атай-СК” құс фабрикалары ұсынды.

 Елена Усманова, «Атай-СК» құс фабрикасының сатушысы:
-Бұл базарда біздің сауда орнымыз күнде жұмыс істейді. Бірақ жәрмеңке күні жұмыртқаның бағасы арзанырақ. Сапасы жа жақсы. Сондықтан тұрғындар алады.  

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімі қала тұрғындарының сұранысына ие. Әсіресе ет және сүт өнімдері тез сатылады.

 Татьяна Гурина:
-Мұндай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны жақсы. Азық-түлік сапалы, бағасы да арзан. Барлығы көңілімізден шығады.
 Сара Әбікеева:
-Әрдайым жәрмеңкеге келем. “Айна” фабрикасының тауық етін аламыз. Бағасы арзанырақ.

Бұл күні сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі “Алтын Арман” , “Дәрия” базарларында және “Корона” сауда үйінде де ұйымдастырылды. Қала тұрғындарына өз өнімдерін Айыртау, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов аудандарының ауыл шаруашылығы тауар  өндірушілері ұсынды.

Айымгүл Әбілева