Спорт

Виталий Диденконың жеңістері


 

 Виталий Диденко спорт саласында бағы жанған жерлестеріміздің бірі. Оған тиесілі жеңістер мен марапаттардың санынан жаңылуға болады. Бүгінде гір көтеруден әлемнің 6 дүркін чемпионы атанып отырған оның ауыр атлетикамен айналысқанына 10 жылдан асқан. Спортшының әрбір жеңісі мақтанышпен айтуға тұрарлық.

Виталий Диденко, гір спортынан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 6 дүркін әлем чемпионы:
– Жеңіске жеткен уақытта кеудеңді мақтаныш оты кернейді. Еліміздің туы желбіреп, әнұраны шырқалғанда бойыңды билейтін ерекше сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өз жеңісің арқылы бүтіндей бір команданың айбынын асқақтату үлкен мәртебе.  

Жақында ғана Астанада өткен жарыстан үш алтынды олжалап қайтқан жерлесіміз тағы да спорт залында жаттығу үстінде. Бүгінде екінші жоғары мамандық алып жатқан ол болашақта жаттықтырушы қызметін атқармақ ниетте.

Виталий Диденко, гір спортынан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 6 дүркін әлем чемпионы:
– Гір көтеру спортымен көп жылдан бері айналысып келемін. Біздің облысымызда спорт саласын дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Сол мақсатта атқарылып жатқан істер қуантады.

15 қаңтар күні барлық қазақстандықтар қатарында Виталий Диденко да сайлауға барады.

Виталий Диденко, гір спортынан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 6 дүркін әлем чемпионы:
– Мен осы елдің азаматымын. Сондықтан өзімнің азаматтық парызымды орындап, сайлауға қатысуға міндеттімін. Басқаларына да сондай кеңес берер едім.

Бүгінгі күні Виталий өзге спортшылармен ақпан айында Алматы қаласында өтетін ҚР чемпионатына дайындық үстінде.

 Әспет Әбдірешова