Мәдениет

Өнер колледжі “Европалық сапа” наградасына ие болды

 

 

 

ХХІ ғасыр көшбасшыларының халықаралық саммитіне 53 мемлекеттің білім беру, медицина және өзге де салаларының қызметкерлері қатысқан. Олар Европа ректорлары клубының мүшелері. Роза Кашенова бұл клубтың құрамына осыдан 1 жыл бұрын қабылданыпты. Халықаралық саммитке өнер колледжі мен дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры «Қазақстандағы білім беру моделі»  атты баяндама әзірлеген. Жергілікті оқу орнының жетістіктері «Европалық сапа» наградасына лайық деп табылды.

Роза Кашенова, «Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат» кешенінің директоры:
-«Europеan quality award» сыйлығы барша оқытушылар мен оқушылардың еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. Мұндай марапатқа ие болу біз үшін үлкен қуаныш.  

Оқу орны 12 мамандық бойынша білім береді. Оқушылар мен оқытушылар құрамы республикалық, халықаралық деңгейдегі талай жарыстардың жеңімпаздары. Алайда кешеннің жұмысы мен жетістіктері мұндай жоғары бағаға ие болуы алғаш рет. Білім ордасының директоры бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр дейді.

Роза Кашенова, «Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат» кешенінің директоры:
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында біздің кешеннің ұжымы түрлі жарысқарға қатысу мүмкіндігіне ие. Музыканттарымыз бен суретшілеріміз өз өнерлерін паш етуде.

Сондай-ақ жыл соңында өнер колледжінің оқушылары «Самғау-2011» 1-ші халықаралық жас суретшілер фестиваліне қатысқан болатын. Олар орта буын оқу мекемелерінің ішіндегі  үздік кәсіби білім беруші атанып, 5 елдің арасында бас жүлдені иеленіпті.

Индира Хафизова:

– Біздің колледжде жақсы оқып, өз дарыныңды ашу үшін барлық жағдай жасалған. Оқытушылар ұжымы өте білікті мамандардан құралған. Олар біздің әрқайсымызды белгілі бір бағытта дамыту үшін барын салуда.

Дарья Литвинова:
-Мен кішкентайымнан суретші болуды армандайтынмын. Бұл ойымды жүзеге асыруда колледждің алатын орны ерекше. Біздің халықаралық деңгейде бас жүлдеге ие болуымыз оқу орнымыздың ең үздік екенін дәлелдейді деп ойлаймын.

Биыл да оқу орнының ұжымы түрлі байқауларға қатысып, тек жүлделі орындардан көрінуді мақсат етіп отыр.

Инеш Шоқақова