Құқық қорғау органдары

Заңсыз кәсіп

 

 

 

Адам аяғы баспайтын жерде, елді мекеннен жырақта ағаштан көмір жасалған. Мұндай заңсыз кәсіп өңірде өткен жылдың соңынан барынша жиілеп кетіпті. Осылайша пайдакүнемдер әсіресе, орманы қалың Мамлют, Қызылжар, Аққайың және Мағжан Жұмабаев аудандарында кәсіптерін дөңгелеткен.

Болатқан Нұрышкенов, СҚО табиғат қорғау прокуроры:
-Экология департаментінен жауап келді.  Айыртау ауданындағы бір кәсіпкерге ғана рұқсат берілген. Одан өзге ешбіріне экологиялық рұқсат берілмеген. Олардың барлығының кәсібі заңсыз.

Заңсыз кәсіппен айналысушылар ағашты үлкен қазандықтарда жағып, көмір жасаған. Бір қазандықтың сыйымдылығы он текше метрді құрайды. Бұл ретте табиғатқа келтірілген зиянның орасан екенін есептеу қиын емес.

Болатқан Нұрышкенов, СҚО табиғат қорғау прокуроры:
-Табиғатқа зияны көп. Көмір жасау үшін өте көп ағаш керек. Орман біздің байлығымыз. Оны қорғау керек. Заңсыз кәсіппен айналысатындар ағаштан көмір жасап, мейрамхана, дәмханаларда пайдалану үшін соларға сатады. Рәсуа болып жатыр. Округ әкімдері мен тұрғындардан сұраймыз осындай цехтарды байқасаңыздар, бізге хабарласыңыздар.  

Осылайша тұрғындардың қырағылығының арқасында жақында Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Полудино селосында заңсыз кәсіптің жолы кесілді. Тұрғындар ауыл шетінен шығып жатқан қалың түтінді байқаған. Бұл жерге жеткен жедел топ бірнеше ай бойы ағаштан көмір жасалған астыртын цехты тапты.

Болатқан Нұрышкенов, СҚО табиғат қорғау прокуроры:
-Заңсыз болып шықты. Экологиялық рұқсаты жоқ. тіпті салық органдарында тіркелмеген. Яғни мемлекетке салық төлемеген.  

Облыста шамамен мұндай астыртын сегіз цех жұмыс істейді дейді прокурорлар. Олардың ешбірінің рұқсаты жоқ. Бүгінде аудандық прокуратура қызметкерлері заңсыз кәсіппен айналысушыларды анықтап жатыр. Қолға түскендерді табиғат  қорғау прокурорлары сотқа беріп, заңсыз кәсіптерін жабамыз деп отыр.

Айымгүл Әбілева