Бизнес және экономика

Павлодарлық кәсіпкерлердің жаңа өнімдері

 «Эльбрус ЛТД» ЖШС 2007 жылдан бері ел нарығында. Кәсіпорын шойын люктерден әлдеқайда қарапайым әрі жасауға ыңғайлы полимер люктердің өндірісін қолға алған. Облыс әкімі мұндай тың технологияларды біздің өңірімізде де қолданысқа енгізу қажеттігін атап өтті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл кәсіпорын жоғары сапалы телекоммуникация, су тарату және су өткізу жүйелеріне арналған қақпақшаларды шығарудың жаңа әдістерін ұсынып отыр. Бұл біздің өңірімізде зор сұранысқа ие. Сондай-ақ кәсіпорын энергия үнемдеу бағдарламасы бойынша көшелерді жарықтандыратын шамдар әзірлейді. Сондықтан әріптестік қарым-қатынас орнату мүмкіндігі мен қажеттілігі зор.  

Сондай-ақ «Эльбрус ЛТД» мекемесі «Армстронг» сериясындағы жарық диодты шамдарды шығарады. Павлодар қаласында олардың алғашқы 150 данасы орнатылып, сынақтан өткізіліпті. Кәсіпорын директоры Владислав Набитовский нәтиже жаман емес дейді.

 Владислав Набитовский, «НВД-Павлодар» ЖШС директоры:
– Шамдарды сынақтан өткізу олардың электр энергияны 5 есе үнемдейтіндігін көрсетті. Шамдардың құны арзан болмағанмен, сапасы жоғары деңгейде. Біздің фирмамыз әр шамға 11 жылға дейін кепілдік беріп отыр.

«НВД-Павлодар» ЖШС жаяу жүргіншілердің жолына төсейтін қырлы табиғи тастарды жаңа әдіс арқылы жасайды екен. Жергілікті мамандарды материалдардың сапасы, құны мен аймаққа жеткізілу жолдары қызықтырды. Сондай-ақ көшедегі суағарларға арналған темір торлардың ерекшеліктері жайлы да айтылды.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Қазіргі уақытта біз негізінен бетон-темір торларды қолданамыз. Ал павлодарлық мекемелер оның пластикалық түрін ұсынып отыр. Сондықтан бұл ұсынысты қарастырып, жаңашылдықтарды сынап көрмекпіз.  

Сондай-ақ жиында өңірімізде аталмыш кәсіпорындардың дилерлік орталығын ашу мәселесі де сөз болды.

Инеш Шоқақова