Денсаулық сақтау

Жаңа жылда туғандар

 

 

 

Мерекелік Жаңа жыл түнінде тыным таппай жұмыс жасағандар қатарына қаламыздың медицина қызметкерлерін де қосуға болады. 2012 жылдың алғашқы түнінде облыстық перинаталдық орталықтың мамандары 3 нәрестенің дүниеге келуіне қол ұшын берді. Мерекеде жарық дүниенің есігін ашқан қыз балалардың бірі Таисия. Ол Юнниктер отбасындағы тұңғыш сәби.

  Лариса Юнник:
-Бұл менің тұңғыш нәрестем. Өте қуаныштымын. Қазір өзімізді жақсы сезінеміз. Ең бастысы, қызымның дені сау. Дәрігерлерге үлкен рахметімді айтқым келеді. Перзентханада жас аналарға жақсы жағдай жасалған. Палаталар жылы, жарық. Барлығы көңілімізден шығады.

Мамандардың пайымдауынша, ұлу жылы туған адамдар өте еңбекқор, досқа адал, уәдесіне берік, әрі табиғатынан дарынды болып келеді. Олардың арасында белгілі саясаткерлер, ел билеушілері, шығармашылық адамдар  көп. Сондықтан Диана Жақсылықова сәбиінің ұлу жылы дүниеге келгенін жақсылыққа жорып отыр.

  Диана Жақсылықова:
-Бұл менің тұңғыш балам. Ер бала. Өте қуаныштымыз. Есімін әлі қойған жоқпыз. Даниял деп қоямыз ба деп отырмыз. Дәрігерлерге рахмет.

Жаңа жылдың алғашқы төрт тәулігінде перинаталдық орталықта 30 нәресте дүниеге келген.

Наталья Клебан, облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
-Аналарының да, сәбилерінің де жағдайлары жақсы. Өткен жылмен салыстырғанда осы жаңа жылдың алғашқы күндері дүниеге келген сәбилер көбірек. Жалпы 2011 жылы перинаталдық орталықта 5 мыңнан артық нәресте дүниеге келді. Айту керек, жыл өткен сайын бұл көрсеткіш артып келеді.  

Айымгүл Әбілева