ТКШ

Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы жалғасуда

 

 

Мир көшесіндегі 238- үйдің шатыры көптен бері жөндеуді қажет еткен. Сондықтан тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы туралы естіген тұрғындар бірден шешім шығарады. Пәтер иелері мемлекет ұсынып отырған зор мүмкіндікті пайдаланып, шатырды жөндеп алуды жөн көрген.

  Геннадий Таранин, “Мир, 240,238” ЖПИК төрағасы:
– Біз жиын өткізіп, осындай ұйғарымға келдік. Пәтер иелерінің 90 пайызы қолдап, келісімге тұрды. Несиені өтеуге мұршасы жетпейтіндерге мемлекет тұрғын үй көмегін беруде. Кейбір тұрғындар борышының 95 пайызын, ал кейбіреулер үшін 100 пайызын да мемлекет жабады.

Үйдің шатыры толығымен ауыстырылмақ. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 17 млн-ға жуық қаржы бөлінген. Мердігер кәсіпорын жұмысты қаңтар айының соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Бұл тек істің бастауы ғана. Тұрғындар алдағы уақытта тағы бірқатар жөндеу жұмыстарын қолға алмақшы. Баспана өзіміздікі, сондықтан оны сақтаудың қамын да өзіміз жеуіміз қажет дейді олар. Әсіресе, қазірде мемлекет үлкен мүмкіндік ұсынып отырған кезде тіпті қарап қалуға болмайды.

Лидия Калугина:
-Мұндай бағдарламаның болғаны жақсы. Үйіміздің шатырын жөндеп алмақпыз. Әрі шамасы жетпейтіндерге мемлекет тұрғын үй көмегін ұсынып отыр.
 Александр Мичин:
-Мұндай мүмкіндікті пайдаланбай отырған тұрғындарды түсінбеймін. Әрі мемлекет бөлген қаржыны өтеуге жеті жыл беріліп отыр ғой. Бұл уақытта несиені қайтаруға әбден болады.  

Барлығы облыс орталығында 46 үйдің тұрғындары коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына қатысуға ниет танытқан. Нәтижесінде 488 млн 700 мың теңгенің келісімі жасалыпты. Бүгінде 23 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары аяқталған. Мұнымен қатар 426 пәтер иесіне тұрғын үй көмегі көрсетілген. Бұл мақсатқа 37 млн. 800 мың теңге жұмсалыпты.

 Айымгүл Әбілева