Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа жылда – жаңа қоныс!


 

Мереке қарсаңында қолданысқа берілген  үйдің көлемі 6 мың шаршы метрден астам. Баспана құрылысы 2008 жылдың желтоқсан айында басталған екен. Бүгінде ондағы жұмыс толығымен аяқталып, иелерінің қоныс тебуіне әзір. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлері, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, мүгедектер және басқа да сала мамандары ие болды. Салтанатты шараны облыс әкімі Серік Біләлов ашып, пәтер алып, қуанышқа бөленіп тұрған азаматтарды жаңа қоныстарымен құттықтады.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударуда. Баспана бақытына бөлену – әрбір адамның арманы. Міне, бүгін Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында жаңа пәтер кілтіне ие боласыздар, барлық пәтер иелерін осы күнгі қуанышпен құттықтаймын!  

Уәлихан Жақыпов осындай бақытқа кенелген жандардың бірі. ӘбуДосмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия- интернатының қызметкері жаңа көршілерін ортақ қуанышпен құттықтады

Уәлихан Жақыпов:
-Бүгін міне өте қуанышты күн.Себебі біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығында және Жаңа жыл қарсаңында мемлекеттік қызметте істеп жатқан адамдарға пәтер беріп жатыр. Барлықтарыңызды осындай қуанышты күнмен құттықтаймын.

Жаңа жыл қарсаңында зор қуанышқа кенеліп, пәтерлі болғандардың қатарында. Райса Абуева да бар. Қалалық классикалық гимназия ұстазы 7 жыл бұрын баспана кезегіне тұрған екен. Осыған дейін үйге зәру болған 2 баланың анасы бүгін 3 бөлмелі пәтердің иесі атанды.

Райса Абуева, қалалық классикалық гимназия мұғалімі:
-Бүгінгі күн отбасым үшін өте қуанышты күн. Елбасының саясаты арқасындай осындай жақсы жетістіктерге өңіріміз жетіп жатыр. Көптен көп рақмет облыс әкіміне осындай жетістіктерге жетіп жатқанымызға.

Облыс әкімі Серік Біләлов жаңа үйдегі пәтерлердің жағдайымен танысты.