Спорт

Самат Қадырбеков – кикбоксингтен әлем чемпионы

Самат Қадырбеков ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында Ирландия жерінде ҚР Әнұранын әуелетіп, көк туымызды биікке желбіреткен қайсар жігіт. Әлемдік шаршы алаңда ерлеу үшін халықаралық дәрежедегі былғары қолғап шебері алдымен бірнеше мәрте республикалық халықаралық додаларда топ бастап , әлем чемпионаттарының жүлдегері болды.

  Самат Қадырбеков, кикбоксингтен әлем біріншілігінің жеңімпазы:
– Мен қоян жылы тудым, Биыл менің нышаным болды. Дәл осы жылдан үмітім көп еді. Мақсатым орындалып, Әлем біріншілігінің алтын алқасын тақтым. Әрине, қажырлы жаттығумен қоса сәттілік те менің жағымда болды.  

Аяқ пен қол соққыларын үйлестіре білген қазақтың тепсе темір үзетін ұланы мереке күндері де атағын қорғау үшін жаттығудан қол үзген жоқ. Ел абыройын асқақтатқан  азамат  –  ҚР қарулы күштерінің офицері. Биыл ол өз ісінің нағыз шеберіне берілетін күрең беретке де сынақты мүдірмей өтіпті.

 Самат Қадырбеков, кикбоксингтен әлем біріншілігінің жеңімпазы:
– Менің бос уақытым спорт залында өтеді. Барлық жетістіктерім осы бастамамды аяқсыз қалдырмаудың арқасы. Салауатты өмір салтын ұстану денсаулықты шыңдап тәртіпке, төзімділікке үйретеді. Спорт жас талғамайды. Барлық жасөспірімдер мен аға буын өкілдерін жаңа жылдан спортқа бет бұруға шақырамын. Одан ешкім ұтылмайды.  

Шаршы алаңда жұлдыздай жарқырап жүрген Самат – бақытты отағасы. Кезекті жаттығуынан кейін ол сүйікті жарымен үш жасар Мансур есімді кішкентайын мерекемен құттықтауға асығуда. Биыл солтүстікқазақстандық спортшылар 40-тан артық ел деңгейіндегі, халықаралық дүбірлі додаларға қатысып 302  алқа еншілепті. Оның 173-і алтын.

Жеңіс Ермұқанов