ТКШ

“Петропавл суда” биыл көп іс тындырылды

 

 

Күнделікті тұрмысымызды сусыз елесту қиын, тіпті мүмкін емес. Облыс орталығындағы кәріздік тазарту құрылғылары мен су тарату желілерінің әрдайым жарамды күйде болуын қадағалап, тұрғындарды тіршілік көзімен қамтамасыз ететін кәсіпорын – «Петропавл су» АҚ. Бүгін мекемеде бұл бағытта атқарылған жұмыстар қорытындылануда. Үстіміздегі жылы кәсіпорын өз қаражатына ұзындығы 8,2 шақырым су тарату желілері мен 2,3 шақырымдық кәріздік желілерді алмастырыпты.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері
– Су тазарту құрылғыларында диаметрі 300 және 400 мм  кері клапандар мен өзге де құрылғылар алмастырылды. Сондай-ақ кәріздік тазарту құрылғыларын жаңартуға республикалық бюджеттен 340,879 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар толықтай орындалды.

Сондай-ақ биыл істен шыққан «Солтүстік» коллекторды жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан 1,5 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Қазіргі таңда кәріздік құбырды жөндеу жұмыстарының шамамен 95 пайызы еңсеріліпті. Ауыстырушы су өткізу желілерінің күйі де назардан тыс қалмаған. Оларды қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 242,526 млн теңге бөлініпті.

 Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
– Қазіргі таңда Мопровская, Союзная, Чайкина көшелерінде желілерді алмастыру жұмыстары аяқталды. Крепостная көшесіндегі басты су құбыры қалпына келтірілуде. Ал Айыртау, Рига, Мүсірепов, Бөкетов көшелеріндегі жөндеу жұмыстары көктем-жаз мезгіліне дейін шегерілмек.  

“Петропавл су” кәсіпорнында 700-ге жуық қызметкер еңбектенеді. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан су желілерінің үнемі жарамды күйде болуын қадағалауда.

 Еншібай Бәкібаев, «Петропавл су» АҚ жұмысшысы:
– Мен «Петропавл суда» 2 жыл жұмыс істеймін. Жалақыны уақытында аламыз. Жұмыс өзіме ұнайды.  

Биыл сумен қамту желілеріндегі ақаулар өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген. Енді кәсіпорындағылар 2012 жылы қаланың кәріздік коллекторларын жаңғыртуға баса назар аудармақ.

 Инеш Шоқақова