Ауыл шаруашылығы

2011 жыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін аса табысты болды



 

Егемендігіміздің жиырмасыншы жылында өңірде егін бітік шығып, диқандар бұрын -соңды болмаған рекордтық астық жинап алды. Өңір агроқұрылымдары биыл ел қамбасына 8 млн. 800 мың тонна дән құйды. Бұл жиырма жыл бұрынғы жиналған астықтан бес есе артық. Биылғы мол астық – ала жаздай күн райының қабағын бағып, тер төккен шаруалардың қажырлы еңбегі мен мемлекеттік зор қолдаудың нәтижесі.  Көпжылғы тәжірибе, соңғы үлгідегі технологиялар мен жаңа техника да мол астық жинап алуға септігін тигізді. Айту керек, соңғы жылдары өңір агроқұрылымдарының машина-трактор паркі қарқынды түрде жаңартылып жатыр. Сөйтіп, биыл егіс жұмыстарының 70 пайызы жоғары өнімді жаңа техниканың күшімен атқарылған. Ауыл шаруашылығының тағы бір саласы – мал шаруашылығын дамытуға бүгінгі күні елімізде мықтап бетбұрыс жасалып отыр. Бұл бағытта биыл өңірде ауқымды жұмыс тындырылған. Шаруашылықтарға 9 мыңнан астам ірі қара мал жеткізілді. Айту керек, осы күні елімізде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға айырықша мән беріліп отыр. Биыл облысқа Канада, Австрия және Германиядан 2 мың 900 бас асыл тұқымды мал жеткізілген. Егер мал шаруашылығын дамытуға қажетті деңгейде көңіл бөлетін болсақ, оның экспорттық әлеуетін арттыруға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Елбасы биылғы Жолдауында 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойды. Ал осы межені бағындыру үшін өңірдің ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қажырлы еңбек етуге әзір.

Айымгүл Әбілева