Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жергілікті қаламгерлердің жаңа туындылары

 

 

Бүгінгі тұсаукесер рәсіміне жиналған қауым назарына алдымен Александр Яремчуктың «Большой хлеб большого человека» кітабы таныстырылды. Туынды ҚР Еңбек ері, СҚО құрметті азаматы «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконың өмірі мен еңбек жолына арналыпты. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласына қомақты үлес қосқан Геннадий Зенченко есімі тек ел аумағына ғана танымал емес.

  Николай Иванов,  «Большой хлеб большого человека» кітабының редакторы:
– Бұл адам әрқашан ізденісте. Өмірінде тек ізденіп қана қоймай, ойлаған ойын жүзеге асыратын жан. Атадан балаға мұра болып келе жатқан қызметі алдағы уақытта да жалғасады деген ойдамын.

Басылымды жарыққа шығару үшін бір жылдан артық уақыт кеткен. Мұнда тек басты кейіпкер ғана емес, оның отбасы, қызметтегі әріптестері жайында да кеңінен қамтылған.

  Александр Липовый, Петропавл қаласының құрметті азаматы:
– Мен Геннадий Ивановичтің әкесімен жақсы таныс болатынмын. Геннадий Ивановичтің еңбек жолының қалай қалыптасқаны да есімде. Алғаш рет мен онымен 1976 жылы облыстық атқару комитеті төарағасының бірінші орынбасары қызметінде жүргенде таныстым,  ол «Ленин» совхозының басшысы болып тағайындалған болатын.

Ал «Космонавты живут на земле» деп аталатын екінші кітаптың авторы Виктор Вихляев. Аты айтып тұрғандай бұл еңбек ғарыш саласына арналған.

  Виктор Вихляев, «Космонавты живут на земле» кітабының авторы:
– Ғарыш – менің өмір бойы зерттеп жүрген тақырыбым. Кітабымда жалпы ғарыш қана емес, еліміздің ғарышкерлері жайында да кеңінен қамтылған.

Жиын барысында кітап авторларының еңбектері жайлы түрлі көзқарастар айтылды.

  Гюлага Илдырымов, «Наурыз-2030» ЖШС директоры:
– Жас ұрпақ бұл кітаптарды оқи отырып, танымал адамдардың өмір жолымен танысып, соларға ұқсағысы келіп, алға ұмтылады деген ойдамын.  

Бұл екі туындымен алғаш танысқан азаматтар кітаптардың оқырман жүрегінен орын алатынына сенімді.