Денсаулық сақтау

Мереке Негемеджанов – «Шапағат» медалінің иегері

 

 

Облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Негемеджановтың жұмыс күні ота жасауға жиналудан басталады. Әр науқастың сырқаты мен жасалатын операцияның күрделігі де әрқилы. Сондықтан дәрігердің әрбір іс-қимылы зор жауапкершілікті талап етеді. Ақмола медицина институтының түлегі өз еңбек жолын 1995 жылы бастапты. Алдымен ол Шал ақын ауданында қызмет еткен. Ал облыстық ауруханада жұмыс істей бастағанына биыл 11 жыл.

Мереке Негемеджанов, облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
– Аурухана күрделі оталарды жасауға қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталған. Лапороскопиялық оталардың көлемі кеңейді. Мұндай операциялар косметикалық жағынан да өте қолайлы. Біздің бөлімшенің барша дәрігерлері бұл әдісті меңгерген.

Мереке Негемеджанов жанұясындағы тұңғыш дәрігер. Осындай ауыр әрі жауапты мамандық иесі болуды ол кішкентайынан мақсат етіп қойған. Қазіргі уақытта оның бала кездегі арманы орындалып, еңбегі еленуде. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ақ халатты абзал жанға «Шапағат» медалі табысталды.

Мереке Негемеджанов, облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі
 – Менің қызметім бағаланып, осы марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Бұл барша ұжымның еңбегінің жемісі деп білемін. Аталмыш марапат жұмысымызға жаңа серпін бермек.

Дәрігердің кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерін әріптестері де бірден аңғарған. Айман Мұрзабаева Мереке Негемеджановты осы ауруханаға жұмысқа келген сәтінен бастап біледі екен. Дәрігер жас болса, да өз қызметін мінсіз атқарып, жұмысында қатал талап қоя біледі дейді ол.

Айман Мұрзабаева, облыстық аурухананың аға мейірбикесі:
– Мен ол кісіні осы ауруханаға келген кезден танимын. Жақсы маман, сонымен қатар адамгершілігі мол, ақыл-кеңес сұрап барғандарға әрдайым қол ұшын береді.

Қазіргі таңда бөлімшеде 21 науқас ем алуда. Олардың әрқайсысының жағдайы бөлімше меңгерушісінің назарынан тыс қалмайтын көрінеді. Емделушілер де бөлімше қызметкерлерінің арқасында денсаулық жағдайларының біршама жақсарғандығын айтады.

  Күләзира Әбілова:
– Мен ауруханаға түскенде дәрігерлер бірден көмектесті. Ота жасады. Қазір жағдайым жаман емес.
Сара Шыңғысова:
– Мен Мереке Сайранұлын Шал ақын ауданында істеген кезінен бастап танимын. Өте жақсы дәрігер.

Ақ халатты абзал жандардың ең қуанышты сәті де осы шығар. Өйткені олар үшін науқастардың сырқатынан айығып, аяғына нық тұруы ерекше маңызды.

Инеш Шоқақова