Құқық қорғау органдары

Мереке күндері полицейлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді

 

 

 

Жаңажылдық думандардың тыныш өтуі облыс полицейлерінің жіті бақылауында болады. Екі есе  күшейтілген құрам тәулік бойы кезекшілікке шығып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

 Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Бүгінгі күні қосымша бағыттар дайындалып жоспарланды,  бұл бағыттарға полицияның кешенді күштері түседі. Қоғамдық орындарды жаяу және автопатрульдер күзетеді. Сонымен қатар бекеттегі кезекшілік атқару, жедел тергеу топтары күшейтілді.  

Бұл мақсатта облыстық ІІД жедел бақылау орталығының қызметкерлерінің жұмысы да көп болмақ. Облыс орталығының халық көптеп шоғырланатын жерлері мен көлік қатынайтын жол қиылыстарына 25 камера орнатылған. Заманауи бейне түсіру құрылғылары айналмалы, сапасы өте жоғары. Оған түскен адамның іс- әрекетін, түр- әлпетін еш қиындықсыз көруге болады. Биыл осының арқасында 13 мыңнан артық әкімшілік заңбұзушылық анықталып, 92 қылмыстың ізі суымай ашылыпты. Сондай-ақ бұл күндері халықты дүрліктіріп жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат беріп телефон соғушылардың әрекеттері қатаң бақылауға алынбақ.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Жалған телефон шалу бойынша жыл басынан 8 хабар келіп түскен. Барлығы бойынша іздестіру шаралары жүргізіліп, барлық адамдар анықталды. Оларға тиісті шаралар қолданылып, қылмыстық, әкімшілік жауапқа тартылып отыр.

Заң бойынша мұндай әрекеті үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазазы қарастырылған. Өйтпегенде бұзақы 500 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленеді.

Жеңіс Ермұқанов