Бизнес және экономика

Өңірде азық-түлік бағасы тұрақты

 

 

 

 “Қазагромаркетинг” компаниясының мамандары әр апта сайын сауда нүктелеріндегі азық -түлік бағасына мониторинг жүргізіп, бақылау жасалып отырады. Акционерлік қорғам филиалының директоры Болатбек Мұқашев биыл нарықта өткен жылғыдай бағаның шарықтап кетуі байқалған жоқ дейді.

Болатбек Мұқашев, “Қазагромаркетинг” АҚ СҚО филиалының директоры:
– Азық-түлік бағасының күрт жоғарылауы былтырғы жылы байқалғаны рас. Әсіресе жарма өнімдерінен қарақұмық, көкөністерден картоп бағасы қымбаттады. Оның себебі қуаңшылықта.

Мамандар соңғы үш ай көлемінде бағаның кенеттен көтерілуі байқалған жоқ дейді. Жеміс-жидектер мен көкөністердің бағасы тұрақты. Қанттың келісі – 135, макарон өнімдері – 115 теңге, бір бөлке нанның құны – 40, сүттің литрі 130 теңгені құрап отыр. Жылыжай шаруашылығының дамуы да азық-түлік құнын тұрақты етуде септігін тигізеді.

Болатбек Мұқашев, “Қазагромаркетинг” АҚ СҚО филиалының директоры:
– Биылғы жылы бидай өнімдері мен ұнның бағасы әлдеқайда төмендеген. Мысалы, ұнның бағасы 70 теңге болса, қазір 55 теңгеге дейін төмен түскен. Сонымен қатар картоп былтырғы жылы 100 теңге болса, биыл оның орташа бағасы 40-50 теңге.  

Биылғы жылы астық пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығымы жақсы. Облыс бойынша азық қоры да талапқа сай жасақталған. Сондықтан алдағы уақытты азық-түліктің бағасында айтарлықтай өзгерістер бола қояды деп айту қиын дейді сарапшылар.