Қайырымдылық

Депутат демеушілік жасады

 

 

Булаев қаласындағы балалар шығармалығы үйі өз жұмысын осыдан 2 жыл бұрын бастаған. Бұл жерде оқушылардың бос уақытын пайдалы өткізуі үшін барлық жағдай жасалыпты. Халықтың саз аспаптарын дайындау үйірмесі солардың бірі. Мұнда балалар ұлттық аспаптарды жасап қана қоймай оның тілін де меңгеруде. Үйірме жетекшісі Мекебай Оңайдың мамандығы инженер-механик. Бірақ ол техникамен қатар ұлттық аспаптарда жақсы ойнайды. 5 жыл бұрын Өзбекстаннан оралған қандасымыз бұл іспен жас кезінен бастап шұғылданады екен. Ал енді қазір бар білгенін өскелең ұрпаққа дарытуда. Шәкірттерінің де жетістіктері қуантарлық.

Иса Нұрмұқанов, үйірмеге қатысушы:
Маған домбырада ойнаған өте ұнайды. Ағай көп нәрсеге үйретеді. Болашақта осы істі жалғастырғым келеді.

Ұстахана қажетті құралдармен жабдықталған. Ал оны одан әрі жетілдіре түсу үшін қосымша қаражат керек еді. Бұл мәселе де өз шешімін тапты. Жаңа жыл қарсаңында үйірмеге қатысушыларға облыстық мәслихат депутаты Мұхамеджан Лұқбанов демеушілік қолдау көрсетті.

Мұхамеджан Лұқбанов, облыстық мәслихат депутаты, “Лұқбанов” ЖШС директоры:
Мен теледидардан осындай шеберді көріп, көмек көрсету үшін келіп отырмын. 1 млн теңге көлеміндегі қаражатты демеушілік қолдау ретінде ұсындым.

Балалар мен үйірме жетекшісі бұл қаражатты қандай мақсатта жұмсайтындарын ойластырып қойыпты

Мекебай Оңай, халықтың саз аспаптарын дайындау үйірмесінің жетекшісі:
– Бұл қаражатқа электр станоктар т.б. сатып аламыз. Сондай-ақ студия сатып алып, балалардың әндерін жазбақпыз.

Сондай-ақ аудандық шығармашылық үйінде картинг, компьютер, теориялық дайындық, спорттық авиа үлгілерін әзірлеу кабинеттері мен фотостудия жұмыс істейді. Яғни мекемеде әр баланың қызығушылығы назардан тыс қалмаған.

Инеш Шоқақова