Қайырымдылық

Жаңажылдық қайырымдылық шарасы


 

 Жаңа жыл  – таңғажайып оқиғалар уақыты. Әсіресе, бұл мерекені бүлдіршіндер тағатсыздана күтеді. Сондықтан балалар құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері демеушілермен бірлесе балғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ольга Черепанова, СҚО балалардың құқығын қорғау департаменті бөлімінің бастығы:
– Бұл балалар ерекше ықыласқа бөленуі тиіс. Сондықтан олармен кездесуге Аяз ата мен Ақшақар да келіп отыр. Ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндердің көңіл-күйін көтереді деп сенеміз.  

13 жасар Алена Власюк ауыр сырқатқа шалдыққан. Бірақ бұған қарамастан өзінің қатарластарымен бірге дамып, білім алу мүмкіндігіне ие. Кілең «5-ке» оқитын қыз кітап оқып, достарымен араласқанды жақсы көреді екен.

Алена Власюк:

– Мен қызықты кітаптар оқығанды ерекше жақсы көремін. Достарымды көріп, олармен араласқан да өте ұнайды. Жаңа жылды асыға күтіп жүрмін.

Таңғажайып мереке қарсаңында Аленаға Аяз ата мен Ақшақар қонаққа келді. Бұл ол үшін нағыз тосын сый. Ертегі кейіпкерлерімен жүздесу мүмкіндігіне кішкентай Полина да ие болды. 8 жасар Полина болашақта шаштараз болуды армандайды екен.

Полина Ахмадеева:
– Мен өскенде шаш әрлеуші болғым келеді. Адамдарды сәндеп, әдемілеу өте ұнайды. Ал қазір ең бастысы оқуымды жақсы оқуым керек.  

Биылғы жаңа жыл Денис Данильчевтің де есінде қалмақ. 8 жасар Денистің аяқ және қол бұлшықеттерінің қозғалуы жылдан- жылға қиындай түсуде. Сондықтан жылына екі рет ауруханада емделуіне тура келеді. Осыдан 1 жарым жыл ғана бұрын бүлдіршін өте белсенді болған дейді анасы. Ал қазір жиі басы ауырғандықтан мектепке де сирек баратын болыпты. Жаңа жыл қарсаңында Аяз атамен кездесу Денис үшін сыйлықтан да қымбат болды.

Денис Данильчев:
Мен бұрын Аяз ата мен Ақшақардың бар екеніне сенбейтін едім. Бірақ бүгін бұл кейіпкерлердің болатынына көзім жетті. Мен олардан тәтті сыйлықтар сұрап едім. Олар маған бірден әкеліп берді.

Мұндай сыйлыққа 20 бүлдіршін ие болды. Қайырымдылық акциясының демеушілері мен департамент қызметкерлері келер жылы да балаларды ерекше тосын сыйлармен қуантпақ.

Гүлмира Искакова, «Сбербанк» АҚ қалалық филиалы директорының орынбасары:
Біз мұндай қайырымдылық шарасын өз қалауымыз бойынша ұйымдастырып отырмыз. Балалардың көңілінен шықты. Алдағы уақытта да осындай акциялар өткізуді жоспарлап отырмыз.

  Инеш Шоқақова