Қайырымдылық

Президент шыршасына әзірлік



 

 Карина Гарматюк үшін биылғы жаңа жыл мерекесі ерекше әрі есте қаларлықтай болып өткелі тұр. Өйткені ол Президент шыршасына қатысатын оқушылардың қатарында. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын Карина сабақты да кілең «беске» оқиды екен. Сурет салу мен биге де қабілеті бар. Ағылшын тілін жетік білуге жыл санап құмарлығы артып келеді.

Карина Гарматюк, №1 жалпы білім беретін қалалық лицейдің оқушысы:
– Мен болашақта Лондонға барғым келеді. Әрбір адамның арманы мен тілегі орындалса екен деймін. Мен көп нәрсемен шұғылданамын, көп дүниеге қызығушылықпен қараймын. Соның ішінде ағылшын тіліне деген құлшынысым өте жоғары. Болашақта  осы тілді жетік меңгеріп, мұғалім болсам деймін.

Тілді жетік меңгеру адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуда маңызды құрал дейді Карина. Сол үшін ол үнемі ізденіп, көп оқу керектігін түсінеді.  Міне, осындай талапшыл әрі мақсат қоя білетін қасиеті үшін мектеп басшылығы оны Президент шыршасына қатысуға лайық деп тапқан.

Алла Борщ,  №1 жалпы білім беретін қалалық лицей директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары:
– Президент шыршасына жіберетін оқушы керек дегенде біз бірден Каринаны ұсындық. Өйткені, біріншіден, ол оқу озаты. Екіншіден, қоғамдық істердің бәріне қатысады. Сонымен қатар, көркемсурет мектебі, тіл курстары мен үйірмелерге қатысады. Өзін танытуда бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Каринаның жаңа жыл шыршасын тағатсыздана күтуінің мәні бар. Елбасының мерекелік шыршасына дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен. Биылғы бағдарлама тәуелсіздіктің жиырма жылдығына арналып отыр

Тимур Кәрімжанов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Елбасының жаңажылдық шыршасына қатысу әрбір баланың арманы шығар деген ойдамын. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы осы мерекелік шарада көрініс табатын болады. Сценарий бойынша аспанға ұшыратын 20 жұлдыздың әрқайсысы достық, ынтымақтастық сынды ізгі ниеттерге толы болмақ.

 Облыс бойынша бұл салтанатты шараға 200 оқушы қатысады. Мерекенің ажарын ашуға көмек көрсетіп жүрген бүлдіршіндерге де зор міндет жүктелген. Басты мақсат – қатарластарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау.

  «Стиль» би ансамблінің бишілері:
– Жаңа жыл кешіндегі балалардың көңіл-күйін көтеру бізгі аса зор жауапкершілік жүктейді. Сахнада ән айтып тұрып, олардың жүзінен күлкі көру қуаныш ұялатады.
– Мен де бүлдіршіндердің жаңа жылдық кешіне қатысатыныма қуаныштымын.
Осындай мерекелік шараларға атсалысқан ұнайды.

Ғажайып шыршаға жолдама алған балалар, мерекеден кейін Петропавлдың көрікті жерлерін аралайды.