Спорт

Каратэші қыздар жеңісі

 

 

Семей қаласында  өткен республикалық кумитэ жекпе- жегінде солтүстікқазақстандық Сания Мұханова 9 қарсыласын тізе бүктіріпті. 60 келіге дейінгі салмақта  тотамиге шыққан жерлесіміз тек ақтық сынның жолдамасы ойналған кездесулерде қарағандылық мен павлодарлық қыздарды алдына жіберіп алды. Осылай ол  ел чемпионатында үздік үштікке енді. 

Сәния Мұханова, жарыс жүлдегері:
– Бұл менің республика деңгейіндегі алғашқы үлкен жарысым болды. Бастамама көңілім толды. Етім тез үйреніп,  мықты қарсыластарымды жеңе білдім. Қателіктерімді түзеп,  келесі жолы жеңіссіз оралмауға тырысамын.

Сондай-ақ қыздар арасындағы ел чемпионатынан Александра Жанғазина, Кристина Хлебникова мен Ирина Бутенко жекелей сында күміс алқа  асынып қайтты.   Сания Мұхановаға сары белбеу 6-кю дәрежесі табысталды. Сондай-ақ бұл күні тағы 143 солтүстікқазақстандық жас каратэшы белбеу түстерін өзгертті.

Владимир Витченко, Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ федерациясының СҚОФ директоры:
– Ол үшін әрбіреуі екі күн бойы базалық техника ката мен кумитеден сынақ тапсырды. Емтиханды Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ федерациясының президенті қара белбеу 6 дан иегері Тәжімұрат Найзабеков қабылдады. 30 адам бірінші күні шыдай алмай сынақтан шығып қалды.  

Шығыс жекпежегінің хас шебірінің тапсырмаларынан сүрінбей өткендердің қатарында Арлан Тоқбаев бар. Мектеп табалдырығын аттағаннан каратемен әуестене бастаған 3 сынып оқушысы бұнымен шектелмейтінін айтады.

Арлан Тоқбаев:
– Мен сары белбеуге дейін жеткеніме қуаныштымын. Ол үшін көп жаттықтым. Менің мақсатым қара белбеу алып, чемпион болу.  

Жылды қорытындылаған жарыстан осындай табыстармен оралған шығыс жекпежегінің жас шеберлері енді келер жылдың сындарына дайындықтарын бастап кетті.

Жеңіс Ермұқанов